L01FX05 Брентуксимаб ведотин (Brentuximab vedotin)

Қолдану көрсеткіштері

Брентуксимаб ведотин препараты осы ауруды емдеу үшін қолданылатын химиялық емнің дәрілік заттары болып табылатын циклофосфамидпен, доксорубицинмен және преднизонмен біріктірілімде бұрын ем қабылдамаған шеткері Т-жасушалы лимфомасы бар пациенттерді емдеуге пайдаланылады.
Брентуксимаб ведотин препараты Ходжкин лимфомасын емдеу үшін қолданылатын химиялық емнің дәрілік заттары болып табылатын доксорубицинмен, винбластинмен және дакарбазинмен біріктірілімде бұрын ем қабылдамаған классикалық Ходжкин лимфомасының кең таралған сатысындағы пациенттерді емдеуге пайдаланылады.
Брентуксимаб ведотин препараты аурудың қайталану немесе үдеу қаупінің артуымен дің жасушаларының аутологиялық трансплантациясынан кейін классикалық Ходжкин лимфомасы бар пациенттерде монотерапия ретінде де пайдаланылады.
Брентуксимаб ведотин препараты рефрактерлік классикалық Ходжкин лимфомасын немесе оның қайталануларын емдеу үшін монотерапия ретінде пайдаланылады:
дің жасушаларының аутологиялық трансплантациясынан кейін немесе
осының алдындағы емнің, кемінде, екі желісінен кейін және ісікке қарсы препараттардың біріктірілімін тағайындауға немесе дің жасушаларының аутологиялық трансплантациясын жасауға қарсы көрсетілімдер болғанда.
Брентуксимаб ведотин препараты жүйелі анапластикалық ірі жасушалы лимфоманы емдеу үшін монотерапия ретінде пайдаланылады:
ісікке қарсы емнің басқа типтеріне рефрактерлі түрінде немесе
алдыңғы ісікке қарсы емдеуден кейінгі аурудың қайталануында.
Брентуксимаб ведотин препараты бұрын жүйелі (ауыз арқылы, вена ішіне немесе бұлшықет ішіне) енгізілген, кем дегенде, бір дәрілік затпен емдеуден өткен пациенттерде терінің Т-жасушалы лимфомаларын (ТТЖЛ) емдеуге пайдаланылады.
    Клинические протоколы:
  1. Лимфома Ходжкина
  2. Т-клеточные лимфомы у взрослых
  3. Агрессивные В-клеточные лимфомы

Қарсы көрсеткіштері

препараттың әсер етуші затына немесе қосымша заттарының кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
- өкпе уыттануының туындауына орай блеомицинмен (ісікке қарсы дәрі) бірге қолдану

Қауіпсіздік шаралары

Үдемелі мультифокальді лейкоэнцефалопатия
Брентуксимаб ведотин аясында өліммен аяқталуы мүмкін үдемелі мультифокальді лейкоэнцефалопатияның (ҮМЛ) дамуына Джон Каннингем (JC-вирус) вирусының қайта белсенділенуі себеп болуы мүмкін. ҮМЛ – жасырын JC-вирусының қайта белсенділенуі нәтижесінде дамитын және өліммен аяқталуы жиі болатын орталық жүйке жүйесінің сирек демиелинизациялайтын ауруы. ҮМЛ диагнозы расталған жағдайда брентуксимаб ведотинмен емдеу толық тоқтатылуы тиіс. Дәрігер пациент байқамай қалуы мүмкін ҮМЛ дамуын көрсететін симптомдарға (мысалы, когнитивтік, неврологиялық немесе психикалық симптомдар) ерекше мұқият болуы тиіс.
Панкреатит
Брентуксимаб ведотинді қабылдаған пациенттерде жедел панкреатиттің, оның ішінде өліммен аяқталған жағдайлары тіркелді. Пациенттер іштің ауыруы туындаған немесе күшейген жағдайда мұқият қадағалауда болуы тиіс, себебі бұл жедел панкреатиттің белгісі болуы мүмкін. Жедел панкреатитке күмән болған жағдайда препарат енгізу тоқтатылуы тиіс. Жедел панкреатит диагнозы расталса, брентуксимаб ведотинмен емдеуді тоқтату қажет.
Өкпенің уыттануы
Брентуксимаб ведотинді қабылдап жүрген пациенттерде өліммен аяқталуы мүмкін пневмония, өкпенің интерстициальді ауруы және жедел респираторлық дистресс-синдром (ЖРДС) қоса, өкпенің уыттану жағдайлары байқалды. Өкпенің уыттану симптомдары (мысалы, жөтел, ентігу) анықталған немесе үдеген кезде дереу диагностикалық тексеру және тиісті ем жүргізу қажет.
Ауыр және оппортунистік инфекциялар
Брентуксимаб ведотинмен емдеуден өтетін пациенттерде пневмония, стафилококк бактериемиясы, сепсис/сепсистік шок (оның ішінде өліммен аяқталуы мүмкін), белдемелі теміреткі сияқты ауыр инфекциялар, цитомегаловирустың қайта белсенділенуі, пневмоцистік пневмония және ауыз қуысының кандидозы сияқты оппортунистік инфекциялар тіркелді. Мұндай инфекцияларды ерте анықтау үшін пациенттер емделу кезеңінде мұқият қадағалауда болуы тиіс.
Инфузиялық реакциялар
Анафилаксиялық түрлерін қоса, дереу және кейіннен білінетін инфузиялық реакциялар дамыған жағдайлар хабарланды. Пациенттер инфузия кезінде және одан кейін де мұқият қадағалауда болуы тиіс. Анафилаксиялық реакция дамығанда брентуксимаб ведотин енгізу дереу тоқтатылып, әрі қарай емдеуді тоқтату қажет. Реакцияны басу үшін қажетті емдік шаралар қабылдануы тиіс. Симптомдар басылған соң инфузияны аз жылдамдықта жалғастыруға болады. Бұрын инфузиялық реакциялар байқалған пациенттерге препаратты келесі енгізер алдында сақтану шараларын қабылдауға кеңес беріледі. Премедикацияға парацетамол, антигистаминдік дәрі және кортикостероид кіруі мүмкін.
Ісік лизисі синдромы (ІЛС)
Брентуксимаб ведотинмен емдеуден өтетін пациенттерде ісік лизисі синдромы тіркелді. Жылдам өсетін ісігі және ауқымды ісік көлемі бар пациенттерде ІЛС даму қаупі жоғары. Бұл пациенттер мұқият бақылауда болуы тиіс және емдеу медициналық практикаға сәйкес жүргізілуі қажет.
Шеткері нейропатия
Брентуксимаб ведотинмен емдеу шеткері, сенсорлық және моторлық нейропатияны туғызуы мүмкін. Пациенттер нейропатия симптомдарын (гипестезия, гиперестезия, парестезия, жайсыздану, нейропатиялық ауыру немесе әлсіреу) қадағалауы тиіс. Симптомдар дамыған немесе өршіген жағдайда емді кейінге қалдыру, дозаны өзгерту немесе емдеуді тоқтату қажет болуы мүмкін.
Гематологиялық уыттылығы
Брентуксимаб ведотинмен емдеу кезінде 3–4 дәрежедегі анемия, тромбоцитопения және ұзаққа созылатын (≥1 апта) 3–4 дәрежедегі нейтропения дамуы мүмкін. Әр дозаны енгізер алдында клиникалық қан талдауы жүргізілуі тиіс. Нейтропения 3–4 дәрежеге жеткен жағдайда емдеуді тоқтатуға дейін препарат дозасын өзгерту қажет.
Фебрильді нейтропения
Брентуксимаб ведотинмен емделетін пациенттерде фебрильді нейтропения жағдайлары тіркелді. Әр енгізу алдында клиникалық қан талдауы жасалуы тиіс. Пациенттерді қызбаның пайда болуы тұрғысынан қадағалау қажет, және фебрильді нейтропения дамығанда емдеу медициналық практикаға сәйкес жүргізілуі тиіс. AVD немесе CHP-мен бірге қолданғанда егде жастағы пациенттерде фебрильді нейтропения қаупі жоғары. Мұндай жағдайда G-CSF бастапқы профилактикасы бірінші дозадан бастап ұсынылады.
Терінің ауыр жағымсыз реакциялары (ТАЖР)
Брентуксимаб ведотинмен емделген пациенттерде Стивенс-Джонсон синдромы (СДС), уытты эпидермальді некролиз (УЭН) және эозинофилиямен және жүйелік симптомдармен (DRESS синдромы) дәрілік реакциялар тіркелді. СДС және УЭН дамуы кезінде өліммен аяқталуы мүмкін. Мұндай жағдайларда емдеу тоқтатылып, тиісті емдік шаралар қабылдануы тиіс.
Асқазан-ішек жолы (АІЖ) асқынулары
Брентуксимаб ведотинді қабылдаған пациенттерде ішек бітелісі, илеус, энтероколит, нейтропениялық колит, эрозия, ойық жара, перфорация және қан кету тіркелді, кейде өліммен аяқталған. Жаңа симптомдар пайда болғанда немесе бұрын байқалғандары нашарлағанда дереу диагностикалық тексеру және ем жүргізу қажет.
Гепатоуыттылығы
Брентуксимаб ведотинді қабылдаған пациенттерде ALT және AST белсенділігінің оқшау жоғарылауы түрінде гепатоуыттылық тіркелді. Ауыр жағдайлар, оның ішінде өліммен аяқталған күрделі жағдайлар да мүмкін. Бауыр аурулары, қатарлас патологиялар және басқа препараттар гепатоуыттылық қаупін арттырады. Бауыр функциясы ем басталғанға дейін бағалануы және емдеу барысында жүйелі бақылануы тиіс. Гепатоуыттылық белгілері анықталса, емді кейінге қалдыру, дозаны өзгерту немесе тоқтату қажет.
Гипергликемия
Гипергликемия анамнезінде диабеті бар немесе жоқ, бірақ дене салмағының индексі жоғары пациенттерде тіркелді. Барлық пациенттерде сарысулық глюкоза деңгейі бақылауда болуы тиіс, және қажет болған жағдайда диабетке қарсы дәрі тағайындалуы керек.
Инфузия орнындағы экстравазация
Инфузия орнында қан құйылу жағдайлары тіркелді. Экстравазация мүмкіндігін ескере отырып, препаратты енгізу кезінде инфузия орнын мұқият бақылау ұсынылады.
CD30+ ТТЖЛ
Зең тәрізді микоздан (ЗМ) және терінің бастапқы АІЖЛ түрлерінен тыс, CD30+ ТТЖЛ қосалқы топтарына емдеу әсерінің деңгейін нақты дәлелдер растамағандықтан анықтау қиын. Алынған деректер препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігі CD30+ ТТЖЛ басқа қосалқы типтеріне қатысты болуы мүмкін деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен, брентуксимаб ведотин препаратын әрбір жеке жағдайда пайда мен қауіп арақатынасын мұқият зерттегеннен кейін ғана басқа CD30+ оң нәтижелі ТТЖЛ бар пациенттерде сақтықпен қолдану қажет.
Натрий
Дәрілік препараттың құрамында 13,2 мг натрий/құты бар, ол бір реттік дозада 1 ммольден (23 мг) кем, сондықтан бұл препарат натрийден бос деп саналады. Бұл ересек адам үшін ДДҰ ұсынған 2 г натрийдің ең жоғары тәуліктік дозасының 0,7%-ына тең.
Қадағалануы
Биологиялық дәрілік заттардың қадағалануын жақсарту мақсатында енгізілетін препараттың атауы мен серия нөмірін мұқият жазу керек.

Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі

Өсімдік тектес дәрілерді және рецептісіз босатылатын басқа препараттарды қоса, сіз таяуда қабылдаған қандай да бір басқа дәрілік препараттарды қабылдап жүргеніңіз немесе жаңа препараттарды қабылдап жүргеніңіз жөнінде өз дәрігеріңізге мәлімдеу керек.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Препаратты бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолдану тәжірибесі шектеулі. Қолда бар деректер бүйрек жеткіліксіздігінің,тсондай-ақ, төмен концентрацияларында ММАЕ клиренсінің бұзылуы мүмкін екенін көрсетті.

Бауыр жеткіліксіздігі

Препаратты бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолдану тәжірибесі шектеулі. Қолда бар деректер бауыр жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесінде, сондай-ақ, сарысулық альбуминнің төмен концентрацияларында ММАЕ клиренсінің бұзылуы мүмкін екенін көрсетті.

Жүктілік

Сіз және сіздің жұптасыңыз осы дәрілік препаратпен емделу кезінде тиімді контрацепцияның екі әдісін пайдалануы тиіс. Әйелдерде препаратының соңғы дозасынан кейін 6 ай бойы ұрықтануға қарсы дәрілер пайдалануды жалғастыруы тиіс.
Егер өзіңіз және дәрігеріңіз сіз үшін пайдасы туылмаған сәбиге ықтималды қаупінен басым болады деп шешетін сәтке дейін жүкті болып қалсаңыз, сіз препаратты қабылдамауға тиіссіз.
Емдеуге дейін және ем кезінде жүктілігіңіз, жүкті екеніңізден күмәніңіз немесе оны жоспарлап жүргеніңіз жөнінде өз дәрігеріңізге мәлімдеу маңызды.

Емізу

Егер сіз бала емізіп жүрсеңіз, сізге аталған дәрілік затты қолдану мүмкіндігіңіз туралы өз дәрігеріңізбен талқылап алу керек.

Жағымсыз әсерлері

Монотерапия ретінде емдеу аясында тіркелді:
Өте жиі
- Инфекциялар, жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары
- Нейтропения
- Шеткері сенсорлық нейропатия, шеткері моторлық нейропатия
- Жөтел, ентігу
- Жүрек айну, диарея, құсу, іш қату, іш аумағының ауыруы
- Бөртпе, қышыну
- Артралгия, миалгия
- Қажу, қызба, инфузиялық реакциялар
- Дене салмағының азаюы
Жиі
- Белдемелі теміреткі, пневмония, қарапайым герпес, ауыз қуысының кандидозы
- Анемия, тромбоцитопения
- Гипергликемия
- Бас айналу
- АлАТ/АсАТ белсенділігінің жоғарылауы
- Әдеттен тыс шаштың түсуі немесе ұштануы
- Арқаның ауыруы
- Қалтырау
Жиі емес
- Пневмоцистік пневмония, стафилококк бактериемиясы, цитомегаловирустық инфекция немесе оның қайта белсенділенуі, сепсис/сепсистік шок
- Фебрильді нейтропения
- Анафилаксиялық реакция
- Ісік лизисі синдромы – Сізде бас айналу, несеп шығарудың нашарлауы, сананың шатасуы, жүрек айну, құсу, ісінулер, кідіріспен тыныс алу немесе жүрек ырғағы бұзылуларының біліну мүмкіндігімен өмірге қатер төндіруі мүмкін жай-күйлер
- Демиелинизациялаушы полинейропатия
- Жедел панкреатит
- Стивенс-Джонсон синдромы / уытты эпидермалық некролиз – Сізде, терінің ауқымды ажырап кетуін қоса, күлбіреуіктер түріндегі ауырсынулы қызыл немесе күрең-қызыл бөртпе сияқты тұмау тәрізді симптомдар пайда болу мүмкіндігімен сирек, күрделі бұзылулар
Белгісіз (қолда бар деректердің негізінде бағалау мүмкін емес):
- Қан құйылумен байланысты жергілікті реакциялар терінің қызаруына, ауыруына, ісінуіне, күлдіреуіктің пайда болуына, инфузия орнында немесе оның айналасында қабыршықтануға немесе целлюлитке әкелуі мүмкін
- Үдемелі көп ошақты лейкоэнцефалопатия
- Эозинофилиямен және жүйелік симптомдармен дәрілік реакция (DRESS синдром)
Препаратымен химиялық емнің дәрілік заттарымен біріктірілімде емдеу аясында тіркелді:
Өте жиі
- Инфекциялар, жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары
- Нейтропения, анемия, фебрильді нейтропения
- Тәбеттің төмендеуі
- Ұйқысыздық
- Шеткері сенсорлық нейропатия, шеткері моторлық нейропатия, бас айналу
- Жөтел, ентігу
- Жүрек айну, іш қату, құсу, диарея, іш аумағының ауыруы, стоматит
- Әдеттен тыс шаштың түсуі немесе ұштануы, бөртпе
- Сүйектердің ауыруы, артралгия, миалгия, арқаның ауыруы
- Қажу, қызба
- Дене салмағының азаюы
Жиі
- Пневмония, ауыз қуысының кандидозы, сепсис/сепсистік шок, белдемелі теміреткі
- Тромбоцитопения
- Гипергликемия
- АлАТ, АсАТ белсенділігінің жоғарылауы
- Қышыну
- Инфузиялық реакциялар, қалтырау
Жиі емес
- Қарапайым герпес, пневмоцистік пневмония
- Анафилаксиялық реакция
- Ісік лизисі синдромы – Сізде бас айналу, несеп шығарудың нашарлауы, сананың шатасуы, жүрек айну, құсу, ісінулер, кідіріспен тыныс алу немесе жүрек ырғағы бұзылуларының біліну мүмкіндігімен өмірге қатер төндіруі мүмкін жай-күйлер
- Жедел панкреатит
- Стивенс-Джонсон синдромы – Сізде, терінің ауқымды ажырап кетуін қоса, күлбіреуіктер түріндегі ауырсынулы қызыл немесе күрең-қызыл бөртпе сияқты тұмау тәрізді симптомдар пайда болу мүмкіндігімен сирек, күрделі бұзылулар

Көрсеткіштері, қолдану тәсілі мен дозалары

Брентуксимаб ведотин препаратының доксорубицинмен, винбластинмен және дакарбазинмен біріктірілімде енгізілген дозасы 6 емдеу циклында әр 2 апта сайын 1,2 мг/кг құрайды.
Брентуксимаб ведотин препаратының циклофосфамидпен, доксорубицинмен және преднизонмен біріктірілімде енгізілген дозасы 4-6 емдеу циклында әр 3 апта сайын 1,8 мг/кг құрайды.
Оларды қолдану және әсерлері туралы қосымша ақпарат алу үшін брентуксимаб ведотин препаратымен бірге қабылданатын осы дәрілік заттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтан қараңыз.
Химиялық еммен біріктірілген брентуксимаб ведотин препаратының бірінші дозасынан кейін дәрігер сізге нейтропенияның даму қаупін болдырмауға (лейкоциттер санының азаюымен сипатталатын жай-күй) немесе олардың айқындылық дәрежесін азайтуға арналған препаратты тағайындауы мүмкін. Нейтропения инфекция қаупін арттыра алады. Егер сізде бүйрек немесе бауыр кінәраттары байқалса, бұл жөнінде өз дәрігеріңізге мәлімдеңіз, дәрігер бастапқы дозаны төмендетуі немесе жалпы брентуксимаб ведотин препаратын тоқтатуы мүмкін.
Монотерапия түрінде пайдаланылатын брентуксимаб ведотин препаратының әдеттегі дозасы 1,8 мг/кг құрайды, ол 16 емдеу циклынан көп емес уақыт бойына әр 3 аптада бір рет енгізіледі. Егер сізде бүйрек немесе бауыр кінәраттары байқалса, сіздің дәрігеріңіз бастапқы дозаны 1,2 мг/кг дейін төмендетуі мүмкін.
Брентуксимаб ведотин препараты тек ересек пациенттерге тағайындалады. Препарат балаларда қолдануға арналмаған.
Енгізу әдісі және жолы
Осы дәрілік зат сізге инфузия түрінде вена арқылы (вена ішіне) енгізіледі. Препаратты сіздің дәрігеріңіз немесе медбике 30 минут ішінде енгізеді. Сонымен қатар, өз дәрігеріңіз немесе медбике инфузия кезінде және ол аяқталған соң сіздің жай-күйіңізді қадағалауы тиіс.

Балаларда қолданылуы

Препаратты 18 жасқа толмаған балаларда қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмады.