L01Fg01 Бевацизумаб (Bevacizumab)
Қолдану көрсеткіштері
| – Бевацизумаб фторпиримидин туындылары негізіндегі химиялық еммен біріктіріп метастаздық колоректальді обыры бар ересек пациенттерді емдеуге қолданылады. – Бевацизумаб паклитакселмен біріктіріп cүт безінің метастаздық обыры бар ересек пациенттерде бірінші желілі ем ретінде қолдануға арналған. – Бевацизумаб капецитабинмен біріктіріп таксандарды немесе антрациклиндерді қоса, химиялық емнің басқа әдістерімен емдеу орынсыз боп есептелетін ересек пациенттердегі сүт безінің метастаздық обырының бірінші желілі емі ретінде қолдануға арналған. Соңғы 12 ай ішінде адъюванттық режимде құрамында таксандар мен антрациклиндер бар сызбаны қабылдаған пациенттер капецитабинмен біріктіріп бевацизумабпен емдеу курсынан шығарылып тасталуы тиіс. – Бевацизумаб платина препараттарының негізіндегі химиялық емге қосымша ретінде, өкпенің жалпақ жасушалы емес гистологиялық типтегі операция жасалмайтын таралған, метастаздық немесе қайталанатын ұсақ жасушалы емес обыры бар ересек пациенттерде бірінші желілі емі ретінде қолдануға арналған. – Бевацизумаб эрлотинибпен біріктіріп таралған, операция жасауға болмайтын, метастаздық немесе қайталанатын жалпақ жасушалы емес, ұсақ жасушалы емес, эпидермалық өсу факторы рецепторын (EGFR) белсендіргіш мутацияларымен өкпе обыры бар ересек пациенттерде бірінші желілі ем ретінде қолдануға арналған. – Бевацизумаб интерферон альфа-2а-мен біріктіріп бүйрек жасушасының таралған және/немесе метастаздық обыры бар ересек пациенттерде бірінші желілі ем ретінде қолдануға арналған. – Бевацизумаб карбоплатинмен және паклитакселмен біріктіріп ересек пациенттерде аналық бездердің, жатыр түтігінің таралған (FIGO жіктемесі бойынша III B, III C және IV сатылы) эпителиальді обырының немесе ішперденің бастапқы обырының бірінші желілі емі ретінде қолдануға арналған. – Бевацизумаб карбоплатинмен және гемцитабинмен біріктіріп немесе карбоплатин және паклитакселмен біріктіріп, бастапқы қайталанатын аналық бездердің, жатыр түтігінің платинаға сезімтал эпителиальді обыры немесе бастапқы ішперде обыры бар, бұрын бевацизумабпен, VEGF басқа тежегіштерімен немесе VEGF рецепторларына бағытталған препараттармен ем қабылдамаған ересек пациенттерді емдеуге арналған. – Бевацизумаб паклитакселмен, топотеканмен немесе пэгилденген липосомалық доксорубицинмен біріктіріп, қайталанатын, платина препараттарына резистентті аналық бездердің, жатыр түтігінің эпителиальді обыры немесе бастапқы ішперде обыры бар, бұрын химиялық емнің екі режимінен асырмай қабылдаған және бұрын бевацизумабпен, VEGF басқа тежегіштерімен немесе VEGF рецепторларына бағытталған препараттармен ем қабылдамаған ересек пациенттерді емдеуге арналған. – Бевацизумаб паклитакселмен және цисплатинмен немесе балама ретінде, паклитакселмен және топотеканмен біріктіріп, жатыр мойнының үдемелі, қайталанатын немесе метастаздық обыры бар, платина препараттарымен ем қабылдай алмайтын ересек пациенттерді емдеуге арналған. |
-
Клинические протоколы:
- Доброкачественные и злокачественные новообразования центральной нервной системы
- Рак желудка
- Рак шейки матки
- Злокачественные неоплазии тела матки
- Рак легкого
- Рак поджелудочной железы
- Злокачественные новообразования прямой кишки
- Злокачественные новообразования ободочной кишки
- Рак вульвы
- Почечно-клеточный рак
Қарсы көрсеткіштері
| –
бевацизумабқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары
сезімталдық; - қытай атжалманының аналық без жасушалары негізіндегі препараттарға немесе адамның басқа рекомбинантты немесе гуманизацияланған антиденелеріне аса жоғары сезімталдық; - жүктілік және бала емізу кезеңі; - балалар және 18 жасқа толмаған жасөспірімдер (тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған); |
Қауіпсіздік шаралары
| Бевацизумаб
препаратымен емдеуді ісікке қарсы емді қолдануда тәжірибесі бар дәрігердің
ғана қадағалауымен жүргізуге болады.
Қадағалануы Биологиялық дәрілік препараттардың қадағалануын жақсарту мақсатында медициналық құжаттамаға енгізілген дәрілік заттардың атауы мен сериясын тіркеу керек. Асқазан-ішек жолының тесілуі және жыланкөздері Тоқ немесе тік ішектің метастаздық обыры бар пациенттерде химиялық еммен біріктіріп бевацизумабпен емдегенде асқазан-ішек жолы және өт қалтасы тесілуінің даму қаупі жоғары болады. Құрсақішілік қабыну мКРО науқастарда асқазан немесе ішек тесілуінің қауіп факторы болуы мүмкін, сондықтан ондай пациенттерді бевацизумабпен емдеуде сақтық таныту қажет. Бұрын қабылданған сәулемен емдеу курстары жатыр мойнының обыры бар пациенттерде (жатыр мойнының обыры бар, АІЖ тесілулері дамыған барлық пациенттердің анамнезінде сәулемен емдеу болған) АІЖ тесілулері дамуының қауіп факторы болып табылады. Тесілу дамыған жағдайда бевацизумабпен емдеуді тоқтату керек. Гастроинтестинальді-қынаптық жыланкөздердің түзілуі Бевацизумабты қабылдаған, жатыр мойнының обыры бар пациенттерде гастроинтестинальді-қынаптық жыланкөздердің даму қаупінің жоғарылағаны байқалды. Бұрын қабылданған сәулемен емдеу курстары жатыр мойнының обыры бар пациенттерде (жатыр мойнының обыры бар, гастроинтестинальді-қынаптық жыланкөздер дамыған барлық пациенттердің анамнезінде сәулемен емдеу болған) гастроинтестинальді-қынаптық жыланкөздер дамуының қауіп факторы болып табылады. Сәуленің әсеріне ұшыраған аймақтағы ісіктің қайталануы да гастроинтестинальді-қынаптық жыланкөздер дамуының маңызды қауіп факторы болып табылады. Басқа жерлерде орналасқан жыланкөздердің пайда болуы (АІЖ бөліктерінен басқа) Трахея-эзофагеальді жыланкөз немесе кез келген жерде орналасқан ауырлығы 4 дәрежедегі жыланкөз туындаған жағдайда бевацизумаб препаратымен емдеуді тоқтату керек. Бевацизумаб препаратын басқа жерлерде орналасқан жыланкөздері бар пациенттерде пайдалануды жалғастыру жөніндегі деректер шектеулі. АІЖ-ге өтпеген, ішкі жыланкөз туындаған жағдайда, Бевацизумаб препаратын тоқтату жөніндегі мәселені қарастыру керек. Жаралар жазылғандағы асқынулар Бевацизумаб анастомоздар түзілуінің нашарлауын қоса, жаралардың жазылуына теріс ықпал етуі мүмкін. Бевацизумабпен емдеуді хирургиялық араласудан кейін 28 күн өткен соң барып немесе хирургиялық жара толық жазылғаннан кейін бастау керек. Жараның жазылуымен байланысты асқынулар дамығанда бевацизумаб енгізуді жара толық жазылғанша уақытша тоқтата тұру керек. Факультативті хирургиялық араласу жасалған жағдайда да Бевацизумаб препаратын қабылдауды уақытша тоқтату қажет. Бевацизумабпен емделген пациенттерде некразданатын фасцииттің (оның ішінде өліммен аяқталған) сирек жағдайлары тіркелген. Әдетте, бұл құбылыс жара жазылуының нашарлауы, асқазан-ішек жолының тесілуі немесе жыланкөздер түзілу аясында дамыған. Некразданатын фасциит анықталған жағдайда Бевацизумаб препаратын тоқтату және дереу тиісті ем жүргізуді бастау керек. Гипертензия Бевацизумабты қабылдаған пациенттерде артериялық гипертензияның пайда болу жиілігінің жоғарылағаны байқалды. Қауіпсіздігіне қатысты клиникалық деректер артериялық гипертензия жағдайларының жиілігі бевацизумаб дозасына байланысты емес деп жорамалдауға мүмкіндік береді. Артериялық гипертензиясы бақыланбайтын пациенттерде емдеуді бастаған сәтте бевацизумабтың ықпал етуі жөнінде ақпарат жоқ. Мұндай пациенттерге бевацизумаб тағайындалғанда сақтық танытып, АҚ ұдайы бақылап отыру қажет. Дәрімен емдеуді талап ететін артериялық гипертензиясы бар пациенттерде АҚ талапқа сай бақылануына жеткенше бевацизумабпен емдеуді уақытша тоқтату ұсынылады. Егер АҚ-ға дәрі-дәрмектік бақылау орнатудың сәті түспесе және/немесе гипертониялық криз дамыса, бевацизумабты қабылдауды тоқтату қажет. Қайтымды артқы энцефалопатия синдромы (ҚАЭС) Бевацизумабпен емделген науқастарда ҚАЭС-қа сәйкес келетін симптомды кешеннің дамуы жөнінде хабарламалар бар. Осы сирек неврологиялық бұзылыс мынадай симптомдармен көрініс береді: талмалар, бас ауыруы, сананың өзгеруі, көру бұзылыстары немесе гипертензиямен қатар жүретін немесе жүрмейтін кортикальді соқырлық. ҚАЭС диагнозын растау миды визуализациялайтын зерттеу жүргізілуін талап етеді. ҚАЭС белгілері бар пациенттерде Бевацизумаб препаратын енгізуді тоқтатып, гипертензияға қарсы ем қамтылатын симптоматикалық емдеу жүргізу ұсынылады. ҚАЭС бастан өткерген пациенттерде бевацизумабпен емдеуді қайта бастаудың қауіпсіздігі белгісіз. Протеинурия Анамнезінде артериялық гипертензиясы бар пациенттерде протеинурияның даму қаупі жоғары. 1-дәрежедегі протеинурия бевацизумабтың дозасына байланысты болуы мүмкін. Бевацизумабпен емдеу басталғанша және емделу кезінде протеинурияға қатысты несеп талдауын жасау ұсынылады. 4-дәрежедегі протеинурия (нефроздық синдром) дамығанда бевацизумабты тоқтату қажет. Артериялық тромбоэмболия Клиникалық зерттеулерде ишемиялық инсультті, транзиторлық ишемиялық шабуылды және миокард инфарктісін қоса, артериялық тромбоэмболияның жиілігі тек химиялық емнен өткен топпен салыстырғанда, бевацизумабты химиялық еммен біріктіріп қабылдаған науқастар тобында жоғары болды. Анамнезінде артериялық гипертензиямен байланысты аурулары бар, химиялық еммен біріктірілген бевацизумабты қабылдап жүрген, 65 жастан асқан пациенттерде емделу кезінде артериялық тромбоэмболияның пайда болу қаупі жоғары. Осындай пациенттерді бевацизумабпен емдеуді абайлап жүргізген жөн. Артериялық тромбоэмболиялық асқынулар дамығанда бевацизумабпен емдеуді тоқтату керек. Веналық тромбоэмболия Бевацизумабты қабылдап жүрген науқастарда, соның ішінде паклитакселмен біріктіріп бевацизумаб қабылдаған, жатыр мойнының қайталанатын немесе метастаздық обыры бар пациенттерде өкпе тромбоэмболиясын қоса, веналық тромбоэмболиялық асқынулардың даму қаупі жоғарылауы мүмкін. Науқастың өміріне қатер төндіретін өкпе тромбоэмболиясы дамығанда (4-дәреже) бевацизумабпен емдеуді тоқтату керек, 3-ші және одан төмен дәрежесінде пациенттер аса мұқият бақылауды қажет етеді. Қан кету ОЖЖ метастаздық зақымданған, бевацизумабты қабылдап жүрген науқастарда болған миға қан құйылу қатері қазіргі уақытта белгісіз, өйткені осы пациенттер клиникалық зерттеулерден шеттетілген. Сондықтан миында метастаздары бар науқастарға бевацизумабты тағайындауға болмайды. Бевацизумабты қабылдап жүрген пациенттерде, әсіресе, ісікпен байланысты қан кету қаупі жоғары болуы мүмкін. Егер емделу кезінде ауырлығы 3 немесе 4 дәрежедегі қан кету болса, бевацизумабты тоқтату керек. Туа біткен геморрагиялық диатезі, жүре пайда болған коагулопатиясы бар немесе бевацизумабпен емделуді бастамас бұрын тромбоэмболияға орай антикоагулянттардың толық дозаларын алған пациенттерде бевацизумабтың қауіпсіздігі жөнінде деректер жоқ, өйткені мұндай пациенттер клиникалық зерттеулерден шеттетілген. Сондықтан емдеуді бастар алдында мұндай науқастардың қан кету қатерін бағалаған дұрыс. Бевацизумабты енгізу аясында дамыған вена тромбоздарын емдеу үшін варфарин қолданылғанда ауыр қан кетулер (3-дәрежедегі және одан жоғары) жиілігінің жоғарылауы болмаған. Өкпеден қан кету/қан түкіру Өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар, бевацизумабты қабылдап жүрген пациенттерде өлімге ұшырататын ауыр қан кетулер қатері артуы мүмкін. Таяуда ғана өкпесінен қан кеткен (2,5 мл-ден көп қан) пациенттер бевацизумабты қабылдамауы тиіс. Аневризмалар және артериялардың диссекциясы (қатпарлануы) Гипертензиясы бар немесе онсыз пациенттерде VEGF тежегіштерін қолдану аневризмалардың және/немесе артериялар қатпарлануының туындауына ықпал етуі мүмкін. Бевацизумабты қолдануды бастамас бұрын анамнезінде гипертензиясы немесе аневризмасы бар пациенттерде аневризманың/ артериялардың диссекциясы (қатпарлануы) даму қаупін мұқият бағалау керек. Жүректің созылмалы жеткіліксіздігі Клиникалық зерттеулерде ЖСЖ-мен байланысты жағымсыз құбылыстар туралы хабарланды. Симптомдары солжақ қарыншаның лықсыту фракциясының симптомсыз төмендеуінен емдеуді немесе ауруханаға жатқызуды талап ететін клиникалық тұрғыдан айқын ЖСЖ дейін ауытқып отырды. ЖСЖ симптомдары дамыған пациенттердің көпшілігі СБмО-нан зардап шеккен және антрациклиндермен емделген, оның алдында кеуденің солжақ жартысына сәулемен емдеу алған немесе анамнезінде жүректің ишемиялық ауруының болуы немесе кардиоуытты препараттарды қабылдау сияқты ЖСЖ-ның басқа да қауіп факторлары болған. Анамнезінде антрациклиндермен ем қабылдаған және қабылдамаған пациенттер қатысқан AVF3694g зерттеуінде, тек антрациклиндерді қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, бевацизумабты антрациклиндермен біріктіріп емделген пациенттерде ЖСЖ даму жиілігінің артқаны білінген жоқ. 3-дәрежедегі және одан жоғары ЖСЖ даму жиілігі (NCI CTCAE) бевацизумабты антрациклиндермен біріктіріп қабылдаған пациенттерде біршама жиі байқалды. Бұл мәліметтер пациенттері антрациклиндерді қабылдамаған басқа клиникалық зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес келеді. Жүректің клиникалық тұрғыдан айқын ауруы немесе жүректің бұрыннан созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттерге бевацизумаб сақтықпен тағайындалу керек. Нейтропения Кейбір миелоуытты химиялық препараттармен біріктіріп бевацизумабпен ем қабылдаған пациенттерде, тек химиялық ем алғандармен салыстырғанда, ауыр нейтропенияның, фебрильді нейтропенияның немесе ауыр нейтропениямен жүретін инфекциялардың (өлімге соқтырған жағдайларды қоса) даму қаупінің жоғарылағаны байқалды. Көбінесе мұндай жағдайлар ӨҰЖЕО және СБмО емдеуде бевацизумабпен платина препараттарымен немесе таксандармен біріктіріп, немесе жатыр мойнының қайталанатын немесе метастаздық обыры бар пациент әйелдерде карбоплатинмен және топотеканмен біріктіріп емдеу аясында байқалған. Аса жоғары сезімталдық реакциялары /инфузиялық реакциялар Бевацизумабты қабылдаған пациенттерде аса жоғары сезімталдық реакцияларының /инфузиялық реакциялардың (анафилаксиялық шокты қоса) даму қаупі жоғары болуы мүмкін. Кез келген емдік гуманизацияланған моноклонды антидененің инфузиясымен болған жағдайдағыдай бевацизумабты енгізгенде және одан кейін пациенттерді мұқият қадағалау ұсынылады. Реакция дамыған жағдайда инфузияны тоқтату және сәйкесінше ем жүргізу керек. Арнайы премедикация жүргізу нәтижелі болмаған. Төменгі жақсүйек остеонекрозы Бевацизумабты қолдану аясында төменгі жақсүйек остеонекрозы (ТЖО) жағдайлары туралы хабарланды. Бұл жағдайлардың көпшілігі бұрын немесе бевацизумабпен бір мезгілде бисфосфонаттарды вена ішіне қабылдаған пациенттерде байқалған, бұл өз алдына төменгі жақсүйек остеонекрозы дамуының қаупі болып табылады. Инвазиялық стоматологиялық емшаралар да ТЖО дамуының қауіп факторы болып табылады. Емдеуді бастар алдында стоматологқа қаралу және ауыз қуысына санация жасау ұсынылады. Бұрын бисофосфонаттарды вена ішіне қабылдаған пациенттерде немесе сондай емдеу аясында инвазиялық стоматологиялық емшараларды жүргізу ұсынылмайды. Көз ішіне қолдану Бевацизумаб көз ішіне қолдануға арналмаған. Көру ағзасы тарапынан бұзылулар Онкологиялық пациенттерді емдеуге арналған бевацизумабтың көзішілік инъекциясын қабылдаған пациенттерде ауыр офтальмологиялық бұзылу жағдайлары туралы хабарланды. Бұл реакцияларға инфекциялық эндофтальмит, көзішілік қабыну, инфекциялық емес эндофтальмит, увеит, шыны тәрізді дененің қабынуы, торқабықтың ажырауы, көзішілік қысымның жоғарылауы, көзішілік қан кетулер, торқабыққа қан құйылу, конъюнктива қабығының қанталауы жатады. Жағдайлардың бір бөлігі толық соқырлықты қоса, әртүрлі дәрежедегі көздің көрмей қалуына алып келген. Көз ішіне қолданудың жүйелі әсерлері Қантамыр эндотелийінің айналымдағы өсу факторы концентрациясының төмендегені байқалды. Көз ішіне енгізген кезде қан құйылулар мен артериялық тромбоэмболия да байқалған. Аналық бездер функциясының бәсеңдеуі/фертильділік Бевацизумаб препараты әйелдерде ұрпақ өрбіту функциясына теріс әсер етуі мүмкін. |
Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі
| Цитостатиктердің бевацизумаб фармакокинетикасына әсері Клиникалық зерттеулерде фармакокинетикасын зерттеген кезде бевацизумабтың таралуына бір мезгілде енгізілген цитостатиктердің клиникалық елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесу әсері анықталмаған. ИФЛ-мен (иринотекан+5-ФУ/ФК) біріктіріп немесе монотерапияда бевацизумабты алған пациенттерде бевацизумабтың клиренс мәндерінде айырмашылық анықталмаған. Басқа цитостатиктердің (5-ФУ, карбоплатин, паклитаксел және доксорубицин) бевацизумаб клиренсіне ықпал етуі клиникалық тұрғыда маңызды емес деп қарастырылады. Бевацизумабтың ісікке қарсы басқа препараттар фармокинетикасына әсері Дәрілер арасындағы өзара әрекеттесу бойынша AVF3135g зерттеуінің нәтижелері бевацизумабтың иринотекан мен оның белсенді SN38 метаболитінің фармакокинетикасына сенімді ықпалы жоқ екенін жария етті. NP18587 зерттеуінің нәтижелері бойынша бевацизумабтың капецитабин мен оның метаболиттерінің фармакокинетикасына елеулі ықпал етуі болмаған. Сонымен қатар оксалиплатин фармакокинетикасына да ықпалы болмаған, бұл бос және байланысқан платина деңгейі бойынша анықталды. B017705 зерттеуі бевацизумабтың альфа-2а интерфероны фармакокинетикасына ықпалының жоқ екенін көрсетті. Бевацизумаб гемцитабинмен біріктіріліп қолданылған ВО177704 зерттеуінде бевацизумабтың гемцитабин фармакокинетикасына ықпал етуіне нақты дәлелдер алынбаған. Екі зерттеуде бүйрек жасушасының метастаздық обыры бар, бевацизумабты (әр 2 апта сайын 10 мг/кг) сунитиниб малатымен (тәулігіне 50 мг) біріктіріп қабылдаған 19 пациенттің 7-еуінде микроангиопатиялық гемолиздік анемия (симптомдары: эритроциттердің фрагментациясы, анемия, тромбоцитопения) дамығаны байқалды. Сонымен қатар гипертензия, креатинин деңгейінің жоғарылауы, неврологиялық симптомдар байқалды. Бұл құбылыстардың барлығы қайтымды болды және бевацизумаб пен сунитиниб малатын тоқтатқаннан кейін басылды. Платина препараттарымен немесе таксандармен біріктірілімі ӨҰЖЕО мен СБмО бар пациенттерде платина препараттарымен немесе таксандармен біріктіріп емдеу аясында нейтропения, фебрильді нейтропения, нейтропения аясындағы немесе онсыз инфекциялық асқынулардың ауыр жағдайларының жиілігі артқаны байқалды. Эпидермалық өсу факторы (EGFR) рецепторларына моноклональді антиденелер бевацизумабпен және химиялық еммен біріктірілімде Эпидермалық өсу факторы (EGFR) рецепторларына моноклональді антиденелерді мКРО емдеу үшін бевацизумабпен және химиялық еммен біріктіріп тағайындамаған дұрыс. МКРО бар пациенттерде EGFR-ге моноклональді антиденелер (сәйкесінше панитумуммаб және цетуксимаб,) бевацизумабпен және химиялық еммен біріктіріліп қолданылған PACCE және CAIRO-2 зерттеулерінде үдеуінсіз тірі қалу және/немесе жалпы тірі қалу жағдайының төмендегені және бевацизумаб + химиялық ем режимімен салыстырғанда уыттылығының артқаны байқалды. Сәулемен емдеу Сәулемен емдеуді бевацизумабпен біріктірудің қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. |
Бүйрек жеткіліксіздігі
| Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде бевацизумабтың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген. |
Бауыр жеткіліксіздігі
| Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде бевацизумабтың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген. |
Жүктілік
| Бевацизумаб препаратының жүкті кезінде қолданылуы қарсы көрсетілген. |
Емізу
| Емшек сүтімен тамақтандыруды терапия кезінде және бевацизумаб препаратының соңғы дозасын енгізгеннен кейін кемінде 6 ай бойы тоқтату қажет. |
Жағымсыз әсерлері
| Өте жиі - фебрильді нейтропения, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения - анорексия, гипомагниемия, гипонатриемия - шеткері сенсорлық нейропатия, дизартрия, бас ауыруы, дисгевзия - көру бұзылулары, көзден жастың көп ағуы - гипертензия, (веналық) тромбоэмболия - ентігу, ринит, мұрыннан қан кетулер, жөтел - ректальді қан кету, стоматит, іш қату, диарея, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы - жаралар жазылғандағы асқынулар, эксфолиативті дерматит, терінің құрғауы, тері түсінің өзгеруі - артралгия, миалгия - протеинурия - аналық бездер функциясының жеткіліксіздігі - астения, қатты шаршағыштық, дене температурасының жоғарылауы, шырышты қабықтардың қабынуы - салмақтың азаюы Жиі - сепсис, абсцесс, целлюлит, инфекциялар, несеп шығару жолдарының инфекциялары - анемия, лимфопения - аса жоғары сезімталдық, инфузиялық реакциялар - дегидратация - инсульт, естен тану, ұйқышылдық - жүректің іркілісті жеткіліксіздігі, суправентикулярлы тахикардия - (артериялық) тромбоэмболиялар, қан кетулер, терең веналар тромбозы - өкпеден қан кету/қан түкіру, өкпе эмболиясы, гипоксия, дисфония - АІЖ тесілуі, ішектің тесілуі, ішек бітелісі, ректовагинальді жыланкөздер, АІЖ бұзылыстары, прокталгия - алақан-табан эритродизестезиясы синдромы - жыланкөздер, бұлшықет әлсіздігі, арқаның ауыруы - кіші жамбас аймағының ауыруы - летаргия Сирек - некрозданатын фасциит - қайтымды артқы энцефалопатия синдромы Өте сирек - гипертониялық энцефалопатия Белгісіз - бүйректің тромбоздық микроангиопатиясы, аневризмалар және артериялардың қатпарлануы - өкпе гипертензиясы, мұрын қалқасының тесілуі - АІЖ ойық жаралар - өт қалтасының тесілуі - жақсүйек остеонекрозы, төменгі жақсүйек зақымдануынсыз остеонекроз - шарана дамуының бұзылулары. Ауыр дәрежелі жағымсыз реакциялар Өте жиі - фебрильді нейтропения, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения - шеткері сенсорлық нейропатия - гипертония - диарея, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы - астения, қатты шаршағыштық Жиі - сепсис, целлюлит, абсцесс, инфекциялар, несеп шығару жолдарының инфекциялары - анемия, лимфопения - дегидратация, гипонатриемия - инсульт, естен тану, ұйқышылдық, бас ауыруы - жүректің іркілісті жеткіліксіздігі, суправентикулярлы тахикардия - артериялық тромбоэмболия, қан кетулер, (веналық) тромбоэмболия, терең веналар тромбозы - өкпеден қан кету/қан түкіру, өкпе эмболиясы, мұрыннан қан кету, ентігу, гипоксия - ішек тесілуі, ішек бітелісі, ректовагинальді жыланкөздер, АІЖ бұзылыстары, стоматит, прокталгия - алақан-табан эритродизестезиясы синдромы, жаралардың жазылу асқынулары - жыланкөздер, миалгия, артралгия, бұлшықет әлсіздігі, арқаның ауыруы - протеинурия - кіші жамбас аумағының ауыруы - ауыру, летаргия, шырышты қабықтардың қабынуы Белгісіз - некрозданған фасциит - аса жоғары сезімталдық, инфузиялық реакциялар - қайтымды артқы энцефалопатия синдромы, гипертониялық энцефалопатия - бүйректің тромбоздық микроангиопатиясы, аневризмалар және артериялардың қатпарлануы - өкпе гипертензиясы, мұрын қалқасының тесілуі - АІЖ тесілуі, асқазан-ішек ойық жарасы, ректальді қан кету - өт қалтасының тесілуі - жақсүйек остеонекрозы - аналық бездер функциясының жеткіліксіздігі - шарана дамуының бұзылулары. Тіркеуден кейінгі кезеңде тіркелген жағымсыз реакциялар: Жиі - дисфония Сирек - некразданатын фасциит (әдетте жаралар жазылуының асқынуы, асқазан-ішек жолының тесілуі немесе жыланкөздер пайда болуы аясында) - қайтымды артқы энцефалопатия синдромы Өте сирек - гипертензиялық энцефалопатия Белгісіз - аса жоғары сезімталдық реакциялары және инфузиялық реакциялар - мұрын қалқасының тесілуі - өкпе гипертензиясы - гастроинтестинальді ойық жара - өт қалтасының тесілуі |
Көрсеткіштері, қолдану тәсілі мен дозалары
| Метастаздық колоректальді обыр (мКРО) Венаішілік инфузия түрінде енгізілетін Бевацизумаб препаратының ұсынылатын дозасы 2 аптада бір рет 5 мг/кг немесе 10 мг/кг немесе 3 аптада бір рет 7,5 мг/кг немесе 15 мг/кг құрайды. Бевацизумабпен емдеуді аурудың үдеу белгілері пайда болғанға дейін немесе қолайсыз уыттылығына дейін жүргізу ұсынылады. Сүт безінің метастаздық обыры (СБмО) Бевацизумаб препаратының ұсынылатын дозасы 2 аптада бір рет дене салмағына 10 мг/кг немесе 3 аптада бір рет дене салмағына 15 мг/кг құрайды, ол венаішілік инфузия түрінде енгізіледі. Емдеуді негізгі аурудың үдеуіне дейін немесе емдеуге келмейтін уыттылығы дамығанға дейін жүргізу ұсынылады. Өкпенің ұсақ емес жасушалы обыры (ӨҰЕЖО) Жалпақжасушалы емес ӨҰЖЕО платина препараттары негізіндегі химиялық еммен біріктірілген емінің бірінші желісі Бевацизумаб препараты платина препараттарының негізіндегі химиялық емге қосымша ретінде 6 циклден артық енгізілмейді, содан соң Бевацизумаб препараты негізгі аурудың үдеуіне немесе төзуге болмайтын уыттылық дамығанға дейін монотерапия түрінде қолданылады. Ұсынылатын дозасы 3 аптада бір рет вена ішіне инфузия түрінде енгізілетін, кг дене салмағына 7,5 мг немесе кг дене салмағына 15 мг құрайды. ӨҰЕЖО бар науқастардағы клиникалық тиімділігі кг дене салмағына 7,5 мг дозада да, кг дене салмағына 15 мг дозада да көрініс берді. EGFR белсендіргіш мутацияларымен жалпақжасушалы емес ӨҰЖЕО эрлотинибпен біріктірілген емінің бірінші желісі Бевацизумаб препаратымен эрлотинибпен біріктіріп емдеуді бастағанға дейін EGFR мутацияларының болуына тестілеу жүргізілуі тиіс. Жалған оң және жалған теріс нәтижелер алынуына жол бермеу үшін жақсы тексерілген және сенімді әдістемені пайдалану маңызды. Бевацизумаб препаратының эрлотинибке қосымша пайдаланудағы ұсынылатын дозасы 3 аптада бір рет венаішілік инфузия түрінде енгізілетін дене салмағына 15 мг/кг құрайды. Бевацизумаб препаратымен эрлотинибке қосымша емдеуді аурудың үдеуіне дейін жалғастыру ұсынылады. Эрлотинибті дозалау режимі мен енгізу әдісін препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықтан қараңыз. Жайылған және/немесе метастаздық бүйрек жасушалы обыры (БЖмО) Бевацизумаб препараты в/і инфузия түрінде 2 аптада бір рет кг дене салмағына 10 мг дозада енгізіледі. Бевацизумаб препаратымен емдеуді негізгі ауру үдегенге және төзуге болмайтын уыттылық дамығанға дейін жалғастырады. Аналық бездердің, жатыр түтігінің эпителиальді обыры немесе бастапқы ішперде обыры Бірінші желілі ем Бевацизумаб препараты 6 цикл бойы карбоплатинмен және паклитакселмен біріктіріліп, артынан 15 айдан асырмай немесе негізгі ауру үдегенше, немесе төзуге болмайтын уыттылық дамығанша, қайсысының бұрын басталуына байланысты монотерапияда тағайындалады. Бевацизумаб препаратын вена ішіне инфузия түрінде 3 аптада бір рет кг дене салмағына 15 мг дозада енгізеді. Платина препараттарына сезімтал қайталанатын ауруды емдеу Бевацизумаб препараты карбоплатинмен және гемцитабинмен біріктіріп 6 – 10 цикл бойы немесе карбоплатинмен және паклитакселмен 6-8 цикл бойы біріктіріп, содан соң негізгі ауру үдегенге дейін монотерапия ретінде тағайындалады. Бевацизумаб препаратын вена ішіне инфузия түрінде 3 аптада бір рет кг дене салмағына 15 мг дозада енгізеді. Платина препараттарына резистентті қайталанатын ауруды емдеу Бевацизумаб препараты келесі препараттардың бірімен біріктірілімде тағайындалады: паклитакселмен, топотеканмен (апта сайын енгізіледі) немесе пэгилирленген липосомалық доксорубицинмен. Бевацизумаб препаратының ұсынылатын дозасы 2 аптада бір рет вена ішіне инфузия түрінде енгізілетін кг дене салмағына 10 мг құрайды. Бевацизумаб препаратын топотеканмен біріктіріп тағайындаған кезде (ол әр 3 апта сайын 1-ден 5-күнге дейін енгізіледі) Бевацизумаб препаратының ұсынылатын дозасы 3 аптада бір рет вена ішіне инфузия түрінде енгізілетін кг дене салмағына 15 мг құрайды. Емдеуді ауру үдегенге дейін немесе емдеуге келмейтін уыттылығы дамығанға дейін жүргізу ұсынылады. Жатыр мойнының обыры Бевацизумаб препараты аурудың үдеуі немесе төзуге болмайтын уыттылық дамығанға дейін паклитакселмен және цисплатинмен немесе паклитакселмен және топотеканмен біріктіріліп тағайындалады. Бевацизумаб препаратын вена ішіне инфузия түрінде 3 аптада бір рет кг дене салмағына 15 мг дозада енгізеді. Енгізу әдісі мен жолы Препараттың бастапқы дозасы химиялық емнен кейін венаішілік инфузия түрінде 90 минут ішінде енгізіледі, келесі дозаларын химиялық емге дейін немесе одан кейін енгізуге болады. Егер бірінші инфузияның көтерімділігі жақсы болса, екінші инфузияны 60 минут бойы жүргізуге болады. Егер 60 минут ішіндегі инфузия жақсы көтерімді болса, кейінгі инфузияларының барлығын 30 минут ішінде жүргізуге болады. Бевацизумаб препараты тек вена ішіне тамшылатып енгізіледі; препаратты вена ішіне сорғалатып енгізуге болмайды! |
Балаларда қолданылуы
| Препаратының қауіпсіздігі мен тиімділігі 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларда анықталмаған. Деректер жоқ. |