N04BB01 Амантадин (Amantadine)
Қолдану көрсеткіштері
Паркинсон ауруы, паркинсонизм синдромы (акинетикалық криз, күрделі декомпенсация)
- комаға түсу жағдайынан кейін жіті байқағыштық (белсенділік) қабілеттің бұзылуы
-
Клинические протоколы:
- Болезнь Паркинсона
Қарсы көрсеткіштері
Амантадин инфузиясы егер, пациентте төмендегі жағдайлар бар болса, қолдануға болмайды:
- амантадинге немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
- жүректің іркілген ауыр жеткіліксіздігі (Нью-Йорк Кардиологиялық Ассоциациясының шкаласы бойынша ІV класс),
- кардиомиопатия немесе миокардит
- ІІ және ІІІ дәрежедегі атриовентрикулярлық блокада
- жүректің жиырылу жиілігі минутына 55 реттен аз болатын брадикардия
- QT аралығының ұзақтығы 420 мс-тен асу (Базетт бойынша QTc > 420 мс), немесе айқын U-толқын немесе отбасылық анамнезде туабітті QT синдромының болуы
- torsade de pointes қоса алғанда, анамнезде қарыншаның күрделі аритмиясының болуы
- будипинмен немесе QT аралығын ұзартатын өзге де препараттармен бір мезгілде емдеу
- қан құрамында калий немесе магний мөлшерінің азаюы
- жүктілік және бала емізу кезеңі
- 18 жасқа дейінгі балалар
Амантадин инфузиясын төмендегі жағдайлар кезінде қолданбаған жөн:
- күрделі бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі минутына 10 мл аз)
Амантадин инфузиясы егер пациентте мына жағдайлар болатын болса, аса сақтықпен қолданылуы мүмкін:
- қуық асты безінің ұлғаюы
- жабық бұрышты глаукома
- бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі (ауырлықтың түрлі деңгейі; бүйректің сүзу қызметінің нашарлауына байланысты уытты заттардың жиналу қаупі
- ақыл-естің шатасуы немесе қозу жағдайы
- анамнезде көзге елестер көрініп, сандырақтау синдромы немесе экзогендік (сыртқы факторлық) психоздың болуы
- мемантинмен бір мезгілде емдеу.
Қауіпсіздік шаралары
Қабылдауды бастамас бұрын, сондай-ақ 1 және 3 апталық емдеуден кейін ЭКГ (50 мм/с) бақылауы қажет. Bazett формуласы бойынша QT (QTc) түзетілген шамасы қолмен есептеп анықталады. Бұл ЭКГ дозаны әрбір келесі арттыру алдында және одан кейінгі 2 аптадан кейін жүргізу қажет. Бұдан әрі ЭКГ тұрақты бақылануы тиіс. Егер, QTс бастапқы мәні 420 мс-тен асатын болса, емдеу кезінде QT 60 мс-тен асып ұлғайған кезде немесе QTc мәні 480 мс-тен артық болса, сондай-ақ ЭКГ-да U толқындары көрінетін пациенттерде амантадин қабылдауды бастауға болмайды немесе тоқтату керек.
Зәр айдайтын препараттар пайдалану немесе жиі құсу және/немесе іш өту нәтижесінде болған электролиттік үйлесімсіздік қаупі бар пациенттер, шұғыл (ургенттік) жағдайларда инсулин қабылдайтын пациенттер, бүйрек немесе анорексия аурулары бар пациенттер зертханалық көрсеткіштер бақылауы және электролиттерді, әсіресе калий мен магнийді қалыпты деңгейге дейін толықтыру бойынша тексерістен өтуі тиіс.
Жүрек соғуының жиілеуі, бас айналу немесе естен тану сияқты симптомдар туындаған жағдайда, Амантадин инфузиясын дереу тоқтату және QT аралығының ұзаруына 24 сағат бойы науқасты бақылау қажет. Егер, QT аралығының ұзаруы орын алмаса, қарсы көрсетілімдері мен өзара әрекеттесулерін ескере отырып, дәрілік затты қабылдауды қалпына келтіру туралы мәселені қарастыруға болады.
Электрлік кардиостимуляторы бар пациенттерде QT уақытын дәл анықтау мүмкін емес, сондықтан Амантадин инфузиялық емін тағайындау туралы шешімді кардиологпен кеңескеннен кейін әр пациентке жекелей қабылдау керек.
А вирусынан туындаған тұмаудың алдын алу және емдеу үшін амантадинді қосымша енгізу ұсынылмайды, өйткені артық дозалану қаупі туындауы мүмкін.
Бір мезгілде нейролептиктер мен Амантадин инфузиясына арналған ерітіндіні қабылдайтын пациенттер, Амантадин препараты кенеттен тоқтатылған жағдайда қатерлі нейролептикалық синдромының даму қаупіне ұшырайды.
Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі
Амантадинді QT аралығын ұзартатын препараттармен, атап айтқанда мыналармен бір мезгілде қолдануға болмайды:
- аритмияға қарсы ІА класына жататын (мысалы, кинидин, дизопирамид, прокаинамид) және ІІІ класқа жататын кейбір препараттар (мысалы, амиодарон және соталол)
- кейбір психозға қарсы препараттар (мысалы, тиоридазин, хлорпромазин, пимозид)
- кейбір трициклді және тетрациклді депрессияға қарсы дәрілер (мысалы, амитриптилин)
- кейбір гистаминге қарсы препараттар (мысалы, астемиозол, терфенадин)
- кейбір макролидтік антибиотиктер (мысалы, эритромицин, кларитромицин)
- кейбір гираза тежегіштері (мысалы, спарфлоксацин)
- азолдар тобына жататын зеңге қарсы дәрілер және басқа да препараттар, атап айтқанда бидупин, галофантрин және ко-тримоксазол, пентамидин, цизаприд және бепридил.
Триамтерен/гидрохлортиазид біріктірілімі болып табылатын несеп айдайтын дәрілерді бір мезгілде қабылдау амантадиннің плазмадағы концентрациясының артуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Паркинсон ауруына қарсы басқа препараттармен, мысалы леводопа, бромокриптин, мемантин, тригексифенидилмен бір мезгілде қабылдаған кезде жағымсыз зардаптарға, атап айтқанда психоздық реакцияларға жол бермеу үшін бір мезгілде қабылданатын препараттың, не болмаса екі препараттың да дозасын төмендету қажет.
Антихолинергиялық дәрілер, симпатикалық ынталандыру заттары және мемантин жағымсыз әсерлерді күшейтеді.
Орталық жүйке жүйесін белсендіретін дәрілер (оның ішінде психиканы ынталандыратын дәрілер), этанол жағымсыз әсерлердің даму қаупін арттырады.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін препарат дозасы бүйректің тазаруының (клиренс) төмендеуіне сәйкес түзетіліп отыруы тиіс (көрсеткіш шумақтық сүзілу жылдамдығымен өлшенеді: ШСЖ).
Бауыр жеткіліксіздігі
Бауыр жеткіліксіздігі бар науқастарда зерттелмеген.
Жүктілік
Жүкті әйелдерде амантадинді қолдану тәжірибесі жеткіліксіз. Кейбір жағдайларда дені сау балалардың туылғаны туралы, бірақ, мұнымен қатар, жүктіліктің асқынуы және туабітті ақаулары (жүрек-тамыр ақаулары, аяқ-қолдарының ауытқуы) бар бес жағдай туралы хабарлама бар. Жануарларға жүргізілген зерттеулерде амантадиннің эмбриоуытты және тератогенді болып табылатыны көрсетілді.
Адам үшін орын алуы мүмкін қаупі белгісіз.
Сондықтан, жүктілік кезінде амантадин тек өте қажет жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Егер, терапия жүктіліктің 1-ші триместрінде өткізілсе, онда ультрадыбыстық зерттеу жүргізу қажет.
Егер, амантадин бала туу қабілеті бар әйелге тағайындалатын болса, онда пациентке егер, ол балалы болғысы келсе немесе аяғы ауыр екенін білген жағдайда, шұғыл түрде дәрігермен хабарласу қажеттігі туралы нұсқауық жүргізілу керек.
Емізу
Амантадин емшек сүтіне түседі. Егер емшекпен емізу міндетті болса, нәресте дәрінің орын алуы мүмкін реакциялары (тері бөртпесі, несептің іркілуі, құсу) бойынша бақылауда болуы тиіс. Препаратты бала емізу кезеңінде қолдану қажет болған жағдайда, бала емізуді тоқтату туралы мәселені шешіп алу керек.
Жағымсыз әсерлері
Жиі
- ұйқының бұзылуы, қозғалыстық және психикалық қозу. Әсіресе, тез қабылдайтын жасы үлкен пациенттерде көз алдына елестер көрінетін сыртқы факторлық (экзогендік) параноидты психоз туындауы мүмкін. Егер, ПК-Мерц инфузиясы паркинсонға қарсы басқа препараттармен (мысалы, леводопа, бромокриптин) немесе мемантинмен біріктіліріп тағайындалса, мұндай типтегі жанама әсерлер жоғары жиілікпен туындауы мүмкін.
- бас айналу
- сирақ пен тобықтың ісінуімен бірге мәрмәр тері синдромы
- жүрек айну, ауыз ішінің құрғауы - қуық асты безі аденомасы бар науқастарда несептің іркілуі
- тұрған немесе тұра бастаған жағдайда қан айналымының бұзылуы (ортостатикалық теңгерімсіздік)
Жиі емес
- жинақтап көре алмау.
Сирек
- қасаң қабықтың зақымдануы, қасаң қабықтың ісінуі, көру өткірлігінің төмендеуі
Өте сирек
- ұсынылған дозадан асып кеткен жағдайда эпилепсиялық ұстамалар, перифериялық нейропатия, миоклония, көздің уақытша көрмей қалуы, жарыққа аса қатты сезімталдық
- аритмия, тахикардия, қарыншалардың бүлкілдеуі, QТ аралығының ұзаруы, жүрек жеткіліксіздігінің дамуы немесе өршуі, ортостатикалық гипотензия
- лейкопения және тромбоцитопения сияқты гематологиялық реакциялар
- иммундық жүйенің бұзылуы, инфузиялық емнен кейінгі анафилактикалық реакция
Жиілігі белгісіз
- құмар ойындарына патологиялық тәуелділік, либидоның жоғарылауы, гиперсексуалдық, компульсивті жұмсалған шығындар немесе сатып алулар, артық және компульсивті тамақтану пайда болады.
Көрсеткіштері, қолдану тәсілі мен дозалары
Күніне 1-2 рет 500 мл; дозаны күніне 500 мл-ден 3 ретке дейін арттыруға болады. Құю ұзақтығы 3 сағат (минутына 55 тамшы).
Паркинсонизм синдромы кезінде: Паркинсонизм синдромы (акинетикалық криз) асқынған кезде, тәулігіне 1-3 рет 500 мл ерітіндіге 200 мг амантадин сульфатын енгізу керек.
Инфузия жылдамдығы минутына 55 тамшыдан аспауы тиіс, бұл шамамен инфузияның 3 сағатына баламалы.
Егде жастағы науқастарда, әсіресе қозған жағдайда, сананың шатасуы немесе сандырақтау синдромдары кезінде емді неғұрлым төмен дозадан бастаған жөн.
Зейін қоюдың төмендеуі кезінде: Әр түрлі генезистік комаға түсу жағдайынан кейін, зейін қоюды (ОНЖ тонусын) жақсарту үшін, емдеуді 3-5 күн бойы 200 мг амантадин сульфатын күнделікті баяу (>3 сағат) енгізуден бастау керек. Аурудың ағымына байланысты емдеуді ұзартуға болады – мүмкіндігінше пероральді дәрі түрлерін қолдану арқылы – тәулігіне амантадин сульфатының 200 мг дозасымен 4 аптаға дейін.
Балаларда қолданылуы
Мәліметтердің болмауына байланысты, 18 жасқа дейінгі балаларға қолданылмайды.