N01AB06 Изофлуран (Isoflurane)

Қарсы көрсеткіштері

Препаратқа немесе құрамында галогені бар басқа анестетиктерге асқын сезімталдықта.
Қатерлі гипертермияға айғақты немесе күмәнді генетикалық бейімділігі бар болғанда.
Миопатия, бұлшықет дистрофиясы, Король синдромы (гипертермиялық синдром), миотония.
Сарғаюдың пайда болуы және/немесе шығу тегі белгісіз қызба
Бауыр функциясының жеткіліксіздігі.
Изофлуранды немесе галогенделген басқа анестетиктерді қолданғаннан кейінгі эозинофилия

Қауіпсіздік шаралары

Изофлуранды енгізу, наркозға арналған басқа да күшті дәрілердегі сияқты, анестезия үшін арнайы жабдықталған бөлмелерде және осы препараттың фармакологиялық қасиеттерін жақсы білетін және барынша маманданған және анестезия жүргізу кезінде науқасты бақылау тәжірибесі бар қызметкердің жәрдемімен ғана жүзеге асырылады.
Жекелеген жағдайларда құрамында галогені бар ингаляциялық анестетиктерді –CHF2 тобымен (десфлуран, энфлуран, изофлуран) бірге қолданғанда карбоксигемоглобин деңгейінің артқаны байқалды. Барынша ылғалдандырылған адсорбенттерде СО клиникалық тұрғыдан маңызды концентрацияларда бөлініп шықпайды.
Кептірілген СО2 адсорбенттері бар осы класқа жататын жалпы анестезияға арналған препараттарды қолданғанда, әсіресе егер олардың құрамында калий гидроксиді бар болса (мысалы, Баралим), наркоз аппаратының қызып кету, жанып кету жағдайлары сирек болды. Құрғақ СО2 адсорбенттерді алмастыруды изофлуранды пайдаланғанға дейін жүргізу қажет. Адсорбенттер кеуіп қалғанда түсін міндетті түрде өзгерте қоймайды, оларды алмастыру жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. СО2 адсорбенттері үшін өндірушінің нұсқауларын сақтаған жөн. Изофлуран жабық контурда анестезия кезінде көміртек тотығының түзілуімен көмірқышқыл газының құрғақ адсорбенттерімен өзара әрекеттесетіні хабарланған. Тыныс алу контурында көміртек тотығының түзілу қаупін және карбоксигемоглобиннің жоғары деңгейін мүмкіндігін төмендету үшін адсорбенттердің құрғауына жол бермеу керек.
Изофлуранның буын, басқа да ингаляциялық препараттар сияқты, қолдану аймағынан тиімді түрде жоюға кеңес беріледі.
Изофлуранды пайдаланғанда анестезия деңгейі тез және оңай өзгеретін болғандықтан, мұқият калибрленген буландырғыштарды ғана пайдалануға немесе деммен алынатын және шығарылатын концентрацияға баға беруге мүмкіндік беретін мониторинг жүргізуге кеңес беріледі.
Құрамында галоген бар анестетиктерді қолданған жағдайлардағыдай, изофлуранмен анестезия жүргізген кезде гипотензия және тыныс алудың бәсеңдеуі байқалады. Гипотензия және тыныс алу бәсеңдеуінің дәрежесі наркоз тереңдігінің біршама индикациясы болып табылуы мүмкін. Артериялық қысым деңгейіне және респираторлық көрсеткіштерге ұдайы мониторинг керек, демеуші шаралар гипотензияны және тыныс алу бәсеңдеуін түзету үшін қажет болуы мүмкін.
Пируэттік қарынша тахикардиясымен (жекелеген жағдайда өліммен аяқталатын) байланысты QT аралығының ұзаруы туралы хабарламалар алынған. QT аралығының ұзару қаупі бар пациенттерге Изофлуранды тағайындау кезінде сақ болған жөн.
Митохондриялық бұзылыстары бар пациенттерге Изофлуранды қоса жалпы анестезияны тағайындау кезінде сақ болған жөн.
Изофлуран басқа да ингаляциялық агенттер сияқты жатырдан қан кетудің әлеуетті қаупімен жатырға релаксантты әсер етеді. Акушерлік операцияларда Изофлуранның ең төмен ықтимал концентрациясын пайдалануды назарға алған жөн.
Қысқа кезең ішінде (3 айдан кем) Изофлуранмен анестезияны қайталауды сақ жүргізген жөн, өйткені қайталанатын анестезияда гепатоуыттылық қаупі толық зерттелген жоқ. Изофлуран бауырдың функциональді жағдайын нашарлатуы мүмкін, бұл бауыр ферменттері белсенділігінің транзиторлы артуымен, және өте сирек, бауырдың өліммен аяқталатын некрозының пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.
Цирроз, вирусты гепатит немесе бауырдың бұған дейін болған басқа аурулары галогенделген анестетиктен ерекшеленетін анестетикті таңдаудың себебі болуы мүмкін.
Изофлуран терең анестезияда (1,5%) ми қан айналымының артуына себеп болады, бұл жұлын-ми сұйықтығындағы церебральді қысымның артуына әкеп соғуы мүмкін. Қажет болған жағдайда осы әсерге наркоз алдында немесе наркоз кезінде пациентті асқын желдету арқылы жол берілмеуі немесе тоқтатылуы мүмкін.
Изофлуран бассүйекішілік қысымы жоғарылаған пациенттерде сақтықпен пайдаланылуы тиіс, мұндай жағдайларда сондай-ақ асқын желдету қажет болуы мүмкін.
ЭЭГ-да өзгерулер және құрысу белсенділігі изофлуранды пайдаланғанда өте сирек.
Гиповолемия, гипотензия және тозуы бар пациенттерде Изофлуранды пайдалану мұқият зерттелген жоқ. Изофлуранның неғұрлым төмен концентрациясы осы пациенттерде пайдалану үшін ұсынылады.
Изофлуран миокардты адреналиннің әсеріне, энфлуранға қарағанда, едәуір аз сенсибилизациялайды.
Изофлуран жүйелік және коронарлы артериялардың күшті кеңейткіші болып табылады, артериялық қысымды төмендетеді. Бұл дені сау қалыпты адамдарда оңай басқарылады, бірақ Изофлуран коронарлық артериялар ауруы бар пациенттерде, атап айтқанда, препаратқа өте сезімтал субэндокардиальді ишемиясы бар пациенттерге сақтықпен пайдаланылуы тиіс. Пайдаланылатын анестетиктерге қарамастан қалыпты гемодинамиканы демеу жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерде миокард ишемиясының алдын алу үшін маңызды.
Изофлуранды қолданғаннан кейін, жалпы анестезияға арналған басқа да дәрілер сияқты, интеллектуалды функция 2 - 4 күнге төмендеуі мүмкін, көңіл-күйдің аздаған өзгерулері анестезиядан кейін 6 күн бойы байқалуы мүмкін. Бұл ақпаратты пациент қалыпты күнделікті өмірге оралған кезде, соның ішінде көлікті басқару немесе күрделі механизмдермен жұмыс істеу кезінде ескерілуі керек.
Жүйке-бұлшықет шаршауының күшеюін миастения сияқты жүйке-бұлшықет аурулары бар пациенттерде байқауға болады. Изофлуранды бұл пациенттерде сақтықпен пайдалану керек.
Изофлуранды бронх түйілуі дамуы мүмкін пациенттерге сақтықпен тағайындаған жөн.
Анестезияның индукциясы кезінде сілекейдің ағыны мен трахеобронхиальді секреция артуы мүмкін және ларингоспазмның, әсіресе балаларда себебі болуы мүмкін.
Қатерлі гипертермия
Изофлуранмен анестезияға аса жоғары сезімталдығы бар пациенттерде қаңқа бұлшықеттерінің гиперметаболизмдік жағдайын қамтуы мүмкін, ол оттегіні қажет етудің артуымен және қатерлі гипертермия ретінде белгілі клиникалық синдромның пайда болуымен қатарласа жүреді. Бұл синдром бұлшықеттердің сіресуі, тахикардия, тахипноэ, цианоз, аритмия және артериялық қысымның тұрақсыздығы сияқты өзіне тән емес симптомдар мен белгілерді қамтиды. (Спецификалық емес осы белгілердің көбісі беткейлік наркозда, жедел гипоксияларда және басқа да жағдайларда пайда болуы мүмкін екендігін ескерген жөн). Жалпы метаболизмнің күшеюі температураның жоғарылауымен (ол кез келген сәтте кенеттен жоғарылауы мүмкін, бірақ әдетте гипертермия метаболизмнің алғашқы жоғарылау белгісі емес) және СО2 сорылуын қамтамасыз ететін (адсорбент корпусын қыздыратын) аппарат жұмысының күшеюімен білінуі мүмкін.
Оттегінің парциальді қысымы және рН азаюы мүмкін. Сондай-ақ гиперкалиемия және негіздің тапшылығы пайда болуы мүмкін. Изофлуранды қолдану кезінде қатерлі гипертермияның өліммен аяқталуы туралы хабарланған. Емдеу осы синдромның пайда болуын тудырған препараттарды (мысалы, изофлуранды) енгізуді тоқтату, натрий дантроленін вена ішіне енгізуді және демеуші ем жүргізуді қамтиды. Мұндай емге дене температурасын қалыпты мәнге дейін тез төмендетуге арналған шаралар, тыныс алуды және қан айналымын көрсетілімдері бойынша демеу және су-электролиттік және қышқыл-сілтілік бұзылуларды жою жатады. (Осындай науқастарды емдеу жөнінде қосымша ақпарат алу үшін вена ішіне енгізу үшін натрий дантроленін тағайындауға арналған ақпаратты қараңыз). Сондай-ақ бүйрек функциясының жеткіліксіздігі пайда болуы мүмкін, мұндайда несептің бөлініп шығуын мүмкіндігінше демеу қажет.
Периоперациялық гиперкалиемия
Ингаляциялық анестетиктерді пайдалану сарысудағы калий деңгейінің өте сирек артуымен байланысты болған, бұл балаларда операциядан кейінгі кезеңде жүрек аритмиясына және өлімге әкелген.
Латентті, сондай-ақ анық айқын жүйке-бұлшықет ауруы, әсіресе, Дюшеннің бұлшықет дистрофиясы бар пациенттер ең осал болып табылады. Сукцинилхолинді бірге пайдалану осы жағдайлардың барлығымен емес, бірақ көпшілігімен байланысты болған. Бұл пациенттерде сондай-ақ сарысуда креатинкиназа деңгейінің артуы және кейбір жағдайларда миоглобинурияға сәйкес несептегі өзгерістер байқалған. Қатерлі гипертермияға ұқсастығына қарамастан, бұл пациенттерде бұлшықеттердің сіресуі немесе гиперметаболизмдік жағдай сияқты қатерлі гипертермияның классикалық белгілері немесе симптомдары болмаған. Гиперкалиемияны және резистентті аритмияны жылдам емдеу, сондай-ақ жасырын жүйке-бұлшықет ауруын содан соң бағалау ұсынылады.

Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі

Изофлуран миорелаксанттардың әсерін елеулі түрде күшейтуге қабілетті, мұндай кезде бәрінен бұрын бұл әсер деполяризацияланбайтын миорелаксанттарға қатысты. Неостигмин деполяризацияланбайтын миорелаксанттардың әсерін жаңғыртады және изофлуранның өзінің миорелаксантты әсеріне ықпалын тигізбейді. Изофлуранмен кеңінен қолданылатын миорелаксанттардың барлығы да үйлеседі.
Ингаляциялық анестезиялаушы дәрілерді қолдану қан плазмасындағы калий деңгейінің жоғарылауымен ассоциацияланады, ол аритмияларда білінуі мүмкін, балаларда операциядан кейінгі кезеңде өлім-жітім жағдайы болған. Жасырын немесе анық нейробұлшықет аурулары, әсіресе Дюшеннің нейробұлшықет дистрофиясы бар емделушілер ерекше сезімтал. Сукцинилхолинді қоса қабаттастыра қолдану жоғарыда аталған жағдайлардың барлығымен емес, бірақ көпшілігімен ассоциацияланды. Сондай-ақ осы емделушілердің қан плазмасында креатинфосфокиназа (КФК) деңгейінің елеулі артқаны, кейбір жағдайларда миоглобинурия байқалды. Гиперкалиемияны ерте түзету және аритмияларды емдеу ұсынылады.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек қызметінің кеш дамитын жеткіліксіздігі қаупін есепке ала отырып, несептің бөлініп шығуына бақылау жасаған жөн.

Бауыр жеткіліксіздігі

Изофлуран бауырдың қызметін нашарлатуы мүмкін, ол бауыр ферменттерін транзиторлы түрде арттырған кезде білінеді, және де бауырдың фатальды некрозының дамуына әкеп соқтыруы өте-мөте сирек.

Жүктілік

Жүкті әйелдер үшін қауіпсіздігі толық анықталмаған. Изофлуранды жүктілік кезінде егер пайда әлеуетті қауіптен жоғары болса ғана пайдалану керек. Изофлуранды жүктіліктің алғашқы триместрі кезінде қолдану ұсынылмайды. Изофлуран басқа да ингаляциялық агенттер сияқты жатырға релаксантты әсер етеді, бұл жатырдан қан кетуге әкелуі мүмкін.

Емізу

Егер Изофлуран лактация кезінде қолданылуы керек болса, наркоздан кейін емшек емізу тоқтатылуы тиіс. Препарат организмдегі айналымнан шығарылғаннан кейін қайтадан емшек емізуді бастауға болады.

Жағымсыз әсерлері

Жиі: тыныс алудың бәсеңдеуі, гипотензия, аритмия, діріл, жүректің айнуы, құсу, ішек бітелісі
Өте сирек
- бауыр ферменттері деңгейінің орташа жоғарылауынан бауыр қызметінің бұзылып, бауырдың некрозданып, өлім-жітіммен аяқталуы
- асқын сезімталдық (жанаспалы дерматитті, бөртпені, диспноэні, тыныстың шуылдауын, кеуде шаршысындағы жайсыздықты, беттің ісінуін, немесе анафилактикалық реакцияны қосқанда) – әсіресе ингаляциялық агентті, изофлуранды қоса есептегенде, ұзақ уақыт қолданғанда
- қан плазмасында сульфобромфталеин (BSP), глюкоза, креатинин деңгейлерінің транзиторлы артуы, несепнәр, холестерин және сілтілік фосфатаза деңгейлерінің төмендеуі, лейкоциттер мөлшерінің тіпті хирургиялық стресс жоқ болғанның өзінде уақытша артуы
Изофлуран барлық миорелаксанттардың, әсіресе деполяризацияланбайтын миорелаксанттардың босаңсытатын әсерін күшейтеді, МАК ересектерде бір мезгілде N2O қолданған кезде төмендейді.

Көрсеткіштері, қолдану тәсілі мен дозалары

Концентрациялардың дәл бақылануын қамтамасыз ету үшін изофлуран үшін арнайы калибрленген буландырғыштарды қолданған жөн.
Жалпы анестезия
Жастың ұлғаюына байланысты изофлуранның ең төменгі альвеолярлық концентрациясының мәні (МАК) азаяды. Сонымен, 20 жастағы адамдарда оттегідегі изофлуран МАК орта есеппен 1,28 %, 40 жастағыларда 1,15 %, ал 60 жастағыларда 1,05 % құрайды. Жаңа туған нәрестелерде оттегідегі изофлуран МАК 1,6 %, 1 айлықтан 6 айлыққа дейінгі балаларда 1,87 %, ал 6 айлықтан 12 айлыққа дейінгі балаларда 1,80 % құрайды.
Премедикация
Премедикацияға арналған препаратты изофлуранның тынысты төмендету қабілетін есепке ала отырып, әр емделуші үшін жекелей таңдау қажет. Таңдаудың тағы бір шешімі антихолинергиялық дәрілерді қолдану болып табылады.
Наркозға енгізу
Әсер етуі қысқа уақыттық барбитураттар немесе наркозға енгізуге арналған көктамырішілік препараттар қолданылады, кейін изофлуран қоспасымен ингаляция жасауға ұластырылады. Изофлуранның оттегімен немесе оттегі мен азоттың шала тотығымен қоспасын қолдануға болады. Наркозға изофлуранның жәрдемімен енгізуді 0,5 % концентрацияда қолданудан бастау ұсынылады. Анестезия хирургиялық деңгейге 7 – 10 минут ішінде жетеді, ол үшін 1,5 %-дан 3,0 %-ға дейінгі концентрация жеткілікті.
Наркозды демеу
Анестезияның хирургиялық деңгейін оттегі/азоттың шала тотығы қоспасындағы 1,0 – 2,5 % изофлуранның жәрдемімен демеуге болады. Егер изофлуран тек оттегімен ғана бірге енгізілсе, онда оның концентрациясын 0,5 – 1,0 %-ға арттыру қажет етілуі мүмкін. Бұлшықеттердің қосымша босаңсуы қажет болған жағдайда миорелаксантты қолдануға болады.
Қолданудың алдында медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықты қараңыз.

Балаларда қолданылуы

Изофлуран балаларға туғаннан бастап қолданылуы мүмкін.
Дәрілік затты тағайындау және оның дозасын анықтау кезінде емдеудің ұлттық стандарттарын, мамандандырылған медициналық мекемелердің емдеу хаттамаларын және қолдану жөніндегі нұсқаулықты басшылыққа алыңыз.