C09BB03 Лизиноприл және Амлодипин (Lisinopril and Amlodipine)

Қолдану көрсеткіштері

Ересектердегі эссенциальді артериялық гипертензияны емдеу үшін.
Ұқсас дозалардағы лизиноприлмен және амлодипинмен біріктіріп емдеу аясында артериялық қысымы талапқа сай бақыланған ересектерге.
    Клинические протоколы:
  1. Артериальная гипертензия

Қарсы көрсеткіштері

Әсер етуші заттарға немесе қосымша заттарының кез келгеніне аса жоғары сезімталдық.
- 18 жасқа дейін.
- Бала емізу кезеңі.

Қауіпсіздік шаралары

Қолқа стенозы, митральді стеноз, гипертрофиялық обструкциялық кардиомиопатия, артериялық гипотензия, цереброваскулярлық аурулар (соның ішінде, ми қанайналымының жеткіліксіздігі), жүректің ишемиялық ауруы, коронарлық жеткіліксіздік, ЖСЖ, шығу тегі ишемиялық емес ФК III‒IV, жедел миокард инфарктісі (сондай-ақ, жедел миокард инфарктісінен кейін 1 ай ішіндегі), Принцметал стенокардиясы, синустық түйін әлсіздігі синдромы (айқын тахикардия немесе брадикардия), дәнекер тіннің ауыр аутоиммундық жүйелі аурулары (соның ішінде, жүйелі қызыл жегі, склеродермия), калий жинақтаушы диуретиктерді, калий препараттарын және калий негізді тұз алмастырғыштарды қабылдау, миелосупрессия, қант диабеті, гиперкалиемия, гипонатриемия, бүйрек артерияларының екіжақты стенозы, жалғыз бүйрегі қызмет аткаратын пациенттердегі бүйрек артериясының стенозы, бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдай, бүйрек жеткіліксіздігі, азотемия, өткізгіштігі жоғары жарғақшаларды пайдаланып жүргізілген гемодиализ, бастапқы альдостеронизм, тұз мөлшері шектелген диета, айналымдағы қан көлемінің төмендеуімен байланысты жағдайлар (соның ішінде қосу және диарея), жас егделігі, бауыр жеткіліксіздігі, CYP3A4 изоферментінің тежегіштерімен немесе индукторларымен бір мезгілде қолдану, құрамында алискирен бар препараттармен, немесе ангиотензин II рецепторларының антагонистерімен (ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) қосарлы блокадасы кезінде артериялық гипотензияның, гиперкалиемияның және бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупінің жоғарылауы) бір мезгілде қолдану, қара нәсілді пациенттерде қолданылуы.

Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі

Лизиноприл
Гипотензиялық препараттар
Лизиноприлді басқа гипотензиялық препараттармен (мысалы, нитроглицеринмен және басқа нитраттармен немесе тамырды кеңітетін басқа дәрілермен) бірге қолданғанда артериялық қысым күрт төмендеуі мүмкін (аддитивтік әсері).
Клиникалық зерттеулердің мәліметтері, РААЖ АӨФ тежегіштерімен, ангиотензин II рецепторларының блокаторларымен немесе алискиренмен бірге қолданғандағы қосарлы блокадасы РААЖ бөгейтін бір препаратты ғана пайдаланумен салыстырғанда, артериялық гипотензия, гиперкалиемия және бүйрек функциясының төмендеуі (бүйректің жедел жеткіліксіздігін қоса) сияқты жағымсыз құбылыстар қаупінің жоғарылауымен байланысты екендігін көрсетті («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және «Арнайы ескертулер» бөлімдерін қараңыз).
Ангионевроздық ісінудің даму қаупін арттыратын препараттар
Нейтралды эндопептидаза тежегіштері
АӨФ тежегіштерімен және рацекадотрилмен (энкефалиназа тежегіштері) бір мезгілде қабылдағанда ангионевроздық ісіну қаупінің жоғары болатындығы жайлы жағдайлар тіркелінген («Арнайы ескертулер» бөлімін қараңыз).
Құрамында сакубитрил (неприлизин тежегіштері) бар дәрілік препараттарды АӨФ тежегіштерімен бір мезгілде қабылдағанда ангионевроздық ісінудің даму қаупі жоғарылайды, сондықтан көрсетілген препараттарды бір мезгілде қабылдау қарсы көрсетілімді. АӨФ тежегіштерін препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін 36 сағаттан ерте бастамау керек.
Құрамында сакубитрил бар препараттарды АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерге қарсы көрсетілімде, сондай-ақ, АӨФ тежегіштерін тоқтатқаннан кейін 36 сағат ішінде тағайындауға болмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» және ««Арнайы ескертулер» бөлімдерін қараңыз)
Тіндік плазминоген белсендіргіші
Обсервациялық зерттеулерде ишемиялық инсульттің тромболитикалық емі үшін қолданылған алтеплазадан кейін АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттерде ангионевроздық ісінудің даму қаупінің жоғарылайтындығы байқалған.
АӨФ тежегіштерін сүтқоректілер жасушаларындағы рапамицин нысанасының тежегіштерімен (mTOR) (мысалы, темсиролимус, сиролимус, эверолимус), немесе вилдаглиптинмен бір мезгілде қабылдау ангионевроздық ісінудің даму қаупінің жоғарылауына алып келуі мүмкін.
(«Арнайы ескертулер» бөлімдерін қараңыз).
Диуретиктер
Диуретиктік дәрілерді лизиноприлмен бір мезгілде қабылдау, әдетте, қосымша гипотензиялық әсер береді.
Диуретиктерді қабылдап жүрген және әсіресе, диуретиктер жуырда тағайындалған пациенттерге лизиноприлді тағайындағанда, артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі орын алуы мүмкін. Диуретиктерді қабылдау лизиноприлмен емдеуді бастағанға дейін тоқтатылған жағдайда, симптоматикалық гипотензияның даму қаупі төмендеуі мүмкін («Арнайы ескертулер» бөлімін және «Қолдану жөніндегі ұсынымдар» бөлімін қараңыз).
Құрамында калий бар тағамдық қоспалар, калий жинақтаушы диуретиктер, құрамында калий бар тұз алмастырғыштар және қан сарысуындағы калий мөлшерін арттыруы мүмкін басқа препараттар
Қан сарысуындағы калий мөлшері әдетте қалыпты мәндерінің шегінде қалатындығына қарамастан, лизиноприлді қабылдап жүрген кейбір пациенттерде гиперкалиемия байқалуы мүмкін. Калий жинақтаушы диуретиктерді (спиронолактон, триамтерен немесе амилорид сияқты), құрамында калий бар тағамдық қоспаларды немесе құрамында калий бар тұз алмастырғыштарын бір мезгілде қабылдау әсіресе, бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қан сарысуындағы калий мөлшерінің елеулі жоғарылауына алып келуі мүмкін. Лизиноприлді триметоприм және ко-тримоксазол (триметоприм/сульфаметоксазол) сияқты қан сарысуындағы калий мөлшерін арттыратын басқа препараттармен бір мезгілде қабылдағанда сақтық таныту керек (өйткені, триметопримнің калий жинақтаушы диуретик амилорид сияқты әсер ететіндігі белгілі). Осылайша, лизиноприлді жоғарыда атап келтірілген препараттармен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды. Бір мезгілде қолданылуы қажет болған жағдайда, препараттарды сақтықпен және қан сарысуындағы калий мөлшеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізе отырып қолдану керек. («Арнайы ескертулер» бөлімін қараңыз).
Циклоспорин
АӨФ тежегіштері мен циклоспоринді бір мезгілде қолдану гиперкалиемияға алып келуі мүмкін. Қан сарысуындағы калий мөлшеріне мониторинг жүргізу ұсынылады.
Гепарин
АӨФ тежегіштері мен гепаринді бір мезгілде қолдану гиперкалиемияға алып келуі мүмкін. Қан сарысуындағы калий мөлшеріне мониторинг жүргізу ұсынылады.
Егер лизиноприл калий жинақтамайтын диуретикпен бір мезгілде қолданылса, диуретикті қабылдаудан болған гипокалиемия азаюы мүмкін.
Литий препараттары
АӨФ тежегіштері мен литий препараттарын бір мезгілде қолданғанда қан сарысуындағы литий концентрацияларының қайтымды жоғарылағаны және уытты әсерлерінің пайда болғаны туралы хабарланған. Тиазидтік диуретиктерді бір мезгілде қабылдау литийдің уытты әсерлерінің даму қаупін арттыруы және литийдің АӨФ тежегіштерін қолдану аясындағы бұрыннан бар уыттылық қаупін күшейтуі мүмкін. Лизиноприл мен литий препараттарын бір мезгілде қолдану ұсынылмайды, бірақ, аталған біріктірілімді қолданудың қажеттілігі дәлелденген жағдайда, қан сарысуындағы литий мөлшерін мұқият бақылау керек. («Арнайы ескертулер» бөлімін қараңыз).
Тәулігіне ≥3 г дозадағы ацетилсалицил қышқылын қоса, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП)
АӨФ тежегіштері мен қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды (мысалы, қабынуға қарсы препарат ретіндегі ацетилсалицил қышқылы, ЦОГ-2 тежегіштері және селективті емес ҚҚСП) бір мезгілде қолданғанда гипертензияға қарсы әсері әлсіреуі мүмкін. АӨФ тежегіштері мен ҚҚСП бір мезгілде қабылдау бүйректің жедел жеткіліксіздігі ықтималдығын қоса, бүйрек функциясы бұзылуының қаупін арттыруы, және әсіресе, бастапқыда бүйрек функциясының төмендігі бар пациенттерде қан сарысуындағы калий мөлшерін арттыруы мүмкін. Аталған әсерлер әдетте қайтымды. Бұл біріктірілім әсіресе, егде жастағы пациенттерде сақтықпен тағайындалуы тиіс. Пациенттер сұйықтықты жеткілікті көлемде қабылдауы тиіс. Бұдан өзге, біріктірілген емді тағайындағаннан кейін бүйрек функциясын бақылау қажеттілігін қарастыру және оны ары қарай жүйелі түрде жүргізіп отыру керек.
Алтын препараттары
Құрамында алтын бар инъекциялық препаратты (мысалы, натрий ауротиомалатын) енгізгеннен кейінгі нитритоидтық реакциялар (гиперемияны, жүрек айнуын, бас айналуын және өте айқын болуы мүмкін артериялық гипотензияны қоса, вазодилатация симптомдары), АӨФ тежегіштерімен ем қабылдап жүрген пациенттерде жиі тіркелген.
Трициклдық антидепрессанттар / нейролептиктер / жалпы анестезияға арналған дәрілер
Жалпы анестезияға арналған кейбір дәрілерді, трициклдық антидепрессанттар мен нейролептиктерді АӨФ тежегіштерімен бір мезгілде қолдану артериялық қысымның ары қарай төмендеуіне алып келуі мүмкін («Арнайы ескертулер» бөлімін қараңыз).
Симпатомиметиктер
Симпатомиметиктер АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін азайтуы мүмкін.
Гипогликемиялық препараттар
Эпидемиологиялық зерттеулер, АӨФ тежегіштері мен гипогликемиялық препараттарды (инсулиндер, ішке қабылдауға арналған гипогликемиялық препараттар) бір мезгілде қабылдау гипогликемияның даму қаупімен жүретін гипогликемиялық әсерін күшейтуі мүмкін екендігін көрсетті. Бұл құбылыстың даму ықтималдығы препараттар біріктірілімімен емдеудің алғашқы аптасы ішінде, сондай-ақ, бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде анағұрлым зор.
Ацетилсалицил қышқылы, тромболитиктер, бета-адреноблокаторлар, нитраттар
Лизиноприлді ацетилсалицил қышқылымен (кардиологиялық дозалардағы), тромболитиктермен, бета-адреноблокаторлармен және/немесе нитраттармен бір мезгілде қолдануға болады.
Амлодипин
Басқа дәрілік препараттардың амлодипинге әсері
CYP3A4 изоферментінің тежегіштері
Амлодипинді CYP3A4 изоферментінің күшті немесе орташа тежегіштерімен (протеаза тежегіштері, азолдық топтың зеңге қарсы препараттары, эритромицин немесе кларитромицин сияқты макролидтер, верапамил немесе дилтиазем) бір мезгілде қолдану амлодипин концентрациясының және сәйкесінше, артериялық гипотензияның даму қаупінің елеулі жоғарылауына алып келуі мүмкін. Аталған фармакокинетикалық өзгерістердің клиникалық көріністері егде жастағы пациенттерде айқынырақ болуы мүмкін. Соған байланысты, клиникалық жағдайға мониторинг жүргізу және препараттың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Кларитромицин — CYP3A4 изоферментінің тежегіші. Амлодипинді қабылдап жүрген пациенттерде кларитромицинді қолдану артериялық гипотензияның даму қаупін арттырады. Кларитромицинді амлодипинмен бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттер мұқият медициналық қадағалауда болуы тиіс.
CYP3A4 изоферментінің индукторлары
CYP3A4 изоферментінің белгілі индукторларын бір мезгілде қолданғанда, амлодипиннің қандағы концентрациясы өзгеруі мүмкін. Осы себепті, әсіресе, CYP3A4 күшті индукторларымен (мысалы, рифампицинмен, шілтер жапырақты шәйқурай препараттарымен) бір мезгілде қолданған кезде және одан кейін артериялық қысымды бақылау да, препараттың дозасын түзету де керек.
Амлодипинді грейпфрутпен немесе грейпфрут шырынымен қабылдау ұсынылмайды, өйткені кейбір пациенттерде биожетімділігі жоғарылауы, соның салдарынан гипотензиялық әсері күшеюі мүмкін.
Дантролен (вена ішіне енгізу)
Зертханалық жануарларда верапамилді және венаішілік дантроленді енгізуді қолдану аясында гиперкалиемиямен қатар жүретін, өлімге соқтыратын және коллапспен жүретін қарыншалардың фибрилляциясы жағдайлары байқалды. Гиперкалиемияның даму қаупі салдарынан, қатерлі гипертермияға ұшыраған пациенттерде, сондай-ақ, қатерлі гипертермияны емдеу кезінде «баяу» кальций өзекшелері блокаторларының, соның ішінде амлодипиннің бір мезгілде қабылдануын болдырмау керек.
Амлодипиннің басқа дәрілік препараттарға әсері
Амлодипиннің гипертензияға қарсы әсері, гипертензияға қарсы әсері бар басқа дәрілік препараттардың сәйкесінше әсерлерін күшейтеді.
Такролимус
Такролимус пен амлодипинді бір мезгілде қолданғанда такролимустың қан плазмасындағы концентрациясы жоғарылай түседі, алайда, аталған фармакокинетикалық өзара әрекеттесудің механизмі толық белгілі емес. Амлодипинмен бір мезгілде қолданғанда такролимустың уыттылығын болдырмау үшін, пациенттердің қан плазмасындағы такролимус концентрациясын бақылау және қажет болған жағдайда, такролимустың дозасын түзету керек.
Сүтқоректілер жасушаларындағы рапамицин нысанасының тежегіштері (mTOR)
Сиролимус, эверолимус, темсиролимус сияқты mTOR тежегіштері CYP3A4 изоферментінің субстраттары болып табылады. Амлодипин — CYP3A4 изоферментінің әлсіз тежегіші. Амлодипин mTOR тежегіштерімен бір мезгілде қабылданғанда қандағы mTOR тежегіштерінің концентрациясын арттыруы мүмкін.
Циклоспорин
Бүйрек трансплантациясынан кейінгі пациенттерді (онда циклоспориннің қалдықтық концентрациясының орташа алғанда 0 %-дан 40 %-ға дейін жоғарылауы байқалған) қоспағанда, дені сау еріктілерде немесе пациенттердің басқа да топтарында циклоспорин мен амлодипиннің өзара әрекеттесулерін клиникалық зерттеулер жүргізілген жоқ. Бүйрек трансплантациясынан кейінгі, амлодипинді қабылдап жүрген пациенттерде циклоспорин концентрациясына мониторинг жүргізуді, ал қажет болған жағдайда – циклоспориннің дозасын төмендету мүмкіндігін қарастыру керек.
Симвастатин
10 мг дозадағы амлодипинді 80 мг дозадағы симвастатинмен біріктіріп бірнеше рет қабылдау симвастатинмен монотерапиямен салыстырғанда, симвастатин экспозициясының 77%-ға жоғарылауына алып келген Сол себепті, амлодипинді қабылдап жүрген пациенттерге симвастатинді 20 мг аспайтын тәуліктік дозасында қабылдау керек.
Өзара әрекеттесулерін клиникалық зерттеулерде амлодипин аторвастатиннің, дигоксиннің немесе варфариннің фармакокинетикалық параметрлеріне әсер етпеген.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде оңтайлы бастапқы дозасы мен демеуші дозасын анықтау үшін, дозаларын таңдауды жекелей тәртіппен, препараттың жеке-дара компоненттері – лизиноприл мен амлодипинді пайдалана отырып жүргізу керек.
Препаратпен емделу кезінде бүйрек функциясын, қан сарысуындағы калий мен натрий мөлшерін бақылау керек. Бүйрек функциясы нашарлаған жағдайда, Препарат қабылдауды тоқтату және оны тиісінше таңдап алынған жеке-дара компоненттермен алмастыру керек. Амлодипин диализ арқылы шығарылмайды.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде оңтайлы бастапқы дозасы мен демеуші дозасын анықтау үшін дозасын титрлеу және дозалау режимін жекелей тәртіппен, лизиноприл мен амлодипинді жеке-дара қолдана отырып белгілеу қажет.

Жүктілік

Жүктілік кезінде АӨФ тежегіштерімен емдеуді бастамау керек. Егер АӨФ тежегішімен емделуді жалғастыру қажет деп есептелмесе, жүктілікті жоспарлап жүрген пациент әйелдерді жүктілік кезінде қолданылуының қауіпсіздік бейіні белгілі баламалы гипотензиялық дәрілерге көшіру керек. Жүктілік расталған жағдайда, АӨФ тежегіштерімен емдеуді дереу тоқтату және қажет болған жағдайда, баламалы емін тағайындау керек.
Қолдануға болмайды!

Емізу

Қарсы көрсетілген.

Жағымсыз әсерлері

Лизиноприл:
бас айналуы, бас ауыруы, ортостатикалық әсерлер (артериялық гипотензияны қоса), жөтел, диарея, құсу, бүйрек функциясының бұзылуы.
Амлодипин:
ұйқышылдық, бас айналуы, бас ауыруы (әсіресе емдеудің басында), көру бұзылулары (соның ішінде диплопия), жүрек қағуын сезіну, бет терісіне «қан тебулер», ентігу, іш ауыруы, жүрек айнуы, диспепсия, дефекацияның өзгеруі (диарея және іш қатуы), тобық ісінуі, бұлшықет құрысулары, қатты қажу, астения.

Көрсеткіштері, қолдану тәсілі мен дозалары

Ең жоғарғы тәуліктік дозасы - бір таблетка.

Балаларда қолданылуы

Препаратының балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.