M01AB08 Этодолак¹ (Etodolac)
Қолдану көрсеткіштері
Ревматоидты артрит, остеоартроз және шорбуынданатын спондилоартрит кезіндегі ауыру.
Қарсы көрсеткіштері
Этодолакқа немесе препараттың басқа компоненттеріне, басқа қабынуға қарсы стероидты емес препараттарға аса жоғары сезімталдық; асқазанның және он екі елі ішектің ойық жарасы (оның ішінде анамнезінде); асқазан-ішектен қан кету (оның ішінде анамнезінде); аспиринді немесе қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды қолданғаннан кейін симптомдар триадасының (демікпе, ринит, аллергиялық бөртпе немесе Квинке ісінуі) анамнезінде болуы; жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрі; жүректің ишемиялық ауруы, цереброваскулярлы ауыру, шеткергі артериялар ауыруы.
Қауіпсіздік шаралары
Артериялық гипертензиясы, сол жақ қарынша дисфункциясы, жүрек жеткіліксіздігі немесе бауыр циррозы, нефриттері, созылмалы бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі, сондай-ақ диуретиктерді қабылдайтын пациенттерге; кез-келген себеп бойынша ісінуі бар науқастарда, сондай-ақ жүрек-қантамыр аурулары дамуының басқа да қауіп факторлары бар пациенттерге (артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу); Крон ауруы немесе спецификалық емес ойық жаралы колиті бар; өлімге алып келуі мүмкін, күрделі жағымсыз реакциялардың қаупімен байланысты егде жастағы пациенттер (емдеу басында қан көрсеткіштерін және бауыр, бүйрек қызметін тексеру керек); жүйелік қызыл жегі (ЖҚЖ) және дәнекер тіндері қызметінің бұзылысы (асептикалық менингит даму қаупінің жоғарылауы) бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек. Антикоагулянттар қабылдап жүрген пациенттер бақылауда болуы тиіс. Асқазан-ішектен қан кету туындаған жағдайда емдеуді тоқтату керек. Артериялық гипертензия және/немесе жеңіл (орташа іркілістіге дейін) жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін сәйкес мониторинг және кеңес қажет, себебі СЕҚҚП қабылдаумен байланысты ісінулер және сұйықтықтың іркілуі мүмкін. Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы, шеткергі артериялардың аурулары және/немесе цереброваскулярлы аурулары бар пациенттерге этодолакты мұқият тексеру және бақылаудан кейін тағайындау керек. Тромбоциттер қызметінің бәсеңдеуінен зардап шегетін пациенттер дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Бронх демікпесі бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек, себебі препарат бронх түйілуін тудыруы мүмкін. Препаратты тұқым қуалайтын фруктозаны көтере алмаушылығы, Lapp-лактаза ферменті тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге қолдануға болмайды.
Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі
Қан плазмасындағы ақуыздармен жақсы байланысатын препараттар - дозасын түзету.Ацетилсалицил қышқылы және варфарин - плазмадағы ақуызбен байланысудың төмендеуі.Пероральді антикоагулянттар және гепарин - гепарин және антикоагулянттардың асқазанның шырышты қабығына тітіркендіруші әсерінің күшеюі.Сульфонилмочевина препараттары - сульфонилмочевина препараттарының гипогликемиялық әсерінің күшеюі.Литий препараттары - плазмадағы литий концентрациясының жоғарылауы.Метотрексат - гемопоэзге метотрексаттың уытты әсері артады.Диуретиктер - диуретиктер белсенділігінің әлсіреуі.Тиклодипин - тромбоциттерге тиклопидиннің антиагреганттық әсерінің төмендеуі.Басқа қабынуға қарсы стероидты емес препараттар - қан кету және асқазанның шырышты қабығы ойық жарасының даму қаупі.Фенитоин - фенитоин әсерінің күшеюі.Жүрек гликозидтері - жүрек жеткіліксіздігінің күшеюі, және шумақтық сүзілу жылдамдығының төмендеуі және қан плазмасындағы гликозидтер деңгейінің жоғарылауы.Циклоспорин - нефроуытты әсерінің күшеюі.Мифепристон - мифепристонді қабылдағаннан кейін 8-12 күн бойы қабылдауға болмайды, себебі мифепристон әсері төмендейді.Хинолондар - құрысу қаупі (конвульсиялар).Зидовудиндер - гематологиялық уыттылық қаупі. АИТВ(+) жұқтырған және гемофилиядан зардап шегетін науқастарда гемартроз және гематома қаупінің жоғарылауы ықтимал.Такролимус - нефроуыттылық қаупі.Антиагреганттық препараттар және серотониннің қайта ұсталуының таңдамалы тежегіштері - гастроинтестинальді қан кетудің даму қаупі.Антигипертензивті заттар - соңғысының антигипертензивті әсерінің төмендеуі.Кортикостероидтар - АІЖ қан кету және ойық жарасының даму қаупі.Антацидтер Cmax төмендетуі мүмкін (15-20%).Маңызды! Мұнда дәрілік өзара әрекеттесулердің қысқаша сипаттамасы берілген. Толық ақпарат алу үшін дәрілік препараттың қолданылуы жөніндегі нұсқаулығына жүгініңіз.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түрінде қарсы көрсетілген.
Бауыр жеткіліксіздігі
Бауыр қызметінің бұзылысы бар пациенттерге сақтықпен қолдану; сұйықтықтың іркілуі немесе асқазан-ішектен қан кетудің жоғары қаупі бар. Бауыр жеткіліксіздігінің ауыр түрінде қарсы көрсетілген.
Жүктілік
Қарсы көрсетілген.
Емізу
Қарсы көрсетілген.
Жағымсыз әсерлері
Жүрек айнуы, құсу, эпигастриядағы ауырсыну, диарея, тәбеттің жоғалуы, диспепсия, іштің кебуі, іштің қатуы, қыжыл, асқазан немесе он екі елі ішектің ойық жарасы (тесілуі немесе қан кетуі мүмкін, кейде өліммен аяқталатын), ректальді қан кету; стоматит; қан сарысуындағы трансаминазалар деңгейінің орташа және қысқа мерзімді жоғарылауы, уытты гепатит; есекжем, қышыну, мультиформалы эритема, фотосезімталдық, бронх түйілуі, анафилактикалық реакциялар, Квинке ісінуі, буллезді дерматоздар, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз; бас ауыруы, бас айналуы, жоғары қажығыштық, құлақтағы шуыл, ұйқысыздық, сананың шатасуы, елестеулер, бағдардан адасу, парестезия, тремор, әлсіздік, ашушаңдық, ұйқышылдық, асептикалық менингит (әсіресе, жүйелік қызыл жегі, дәнекер тіндердің аурулары сияқты аутоиммунды аурулары бар пациенттерде); ретинопатия, кератопатия, көрудің бұзылуы, көру жүйкесінің невриті; гипертензия, жүрек соғуы, жүрек жеткіліксіздігі, васкулиттер; дизурия, интерстициальді нефрит, нефротикалық синдром, бүйрек жеткіліксіздігі, ісінулер, электролиттер және сұйықтықтың іркілуі, жиі несеп шығару; гемолитикалық анемия, апластикалық анемия, тромбоцитопения, лейкопения, нейтропения, агранулоцитоз, қан кету уақытының ұзаруы; тұмау, тамақтың ауыруы, тұмау симптомдары, дауыстың қарлығуы, жұтудың бұзылуы, астения, қалтырау, қызба, ентігу; гематомалардың түзілуі, аздаған қан кетулер.Маңызды! Мұнда жанама әсерлердің қысқаша сипаттамасы берілген. Толық ақпарат алу үшін дәрілік препараттың қолданылуы жөніндегі нұсқаулығына жүгініңіз.
Балаларда қолданылуы
18 жасқа дейінгі балаларда тиімділігі мен қауіпсіздігі бойынша деректер жеткіліксіздігіне байланысты қарсы көрсетілген.