G03AB03 Левоноргестрел және Этинилэстрадиол (Levonorgestrel and Ethinylestradiol)

Қолдану көрсеткіштері

Пероральді контрацепция.

Қарсы көрсеткіштері

Біріктірілген пероральді контрацептивтерді (КОК) төменде көрсетілген жағдайлар болған кезде қолдануға болмайды. КОК қолдану кезінде аталған жағдайлардың кез келгені алғаш рет пайда болған жағдайда препаратты қабылдауды дереу тоқтату қажет:
левоноргестрелге, этинилэстрадиолға немесе препараттың кез келген қосымша заттарына аса жоғары сезімталдық;
қазіргі кездегі немесе анамнездегі веналық тромбоз немесе тромбоэмболия (мысалы, терең көктамыр тромбозы, өкпе артериясының тромбоэмболиясы);
қазіргі кездегі немесе анамнездегі артериялық тромбоз немесе тромбоэмболиялық ауру (мысалы, миокард инфарктісі, инсульт) немесе ми қанайналымының бұзылыстары;
қазіргі кездегі немесе анамнездегі тромбоздың продромальді жағдайлары (мысалы, транзиторлық ишемиялық шабуыл, стенокардия);
анамнездегі ошақтық неврологиялық симптоматикамен жүретін мигрень;
қантамырлық асқынулары бар қант диабеті;
веналық немесе артериялық тромбоздың айқын немесе бірнеше қауіп факторларының болуы;
ауыр артериялық гипертензия;
ауыр дислипопротеинемия;
веналық немесе артериялық тромбозға тұқым қуалайтын немесе жүре пайда болған бейімділік, оның ішінде белсендірілген С протеиніне (APC) резистенттілік, антитромбин III тапшылығы, С протеині немесе S протеині тапшылығы, гипергомоцистеинемия, антифосфолипидті антиденелердің болуы (мысалы, кардиолипинге антиденелер, волчанкалық антикоагулянт);
айқын гипертриглицеридемиямен қатар жүретін қазіргі кездегі немесе анамнездегі панкреатит;
бауыр функциясының көрсеткіштері қалыпқа келгенге дейінгі қазіргі кездегі немесе анамнездегі бауырдың ауыр аурулары;
қазіргі кездегі немесе анамнездегі бауырдың қатерсіз немесе қатерлі ісіктері;
белгілі немесе болжамды гормонға тәуелді қатерлі жаңа түзілімдер (мысалы, жыныс ағзаларының немесе сүт бездерінің ісіктері);
жыныс жолдарынан шығатын диагностикаланбаған қан кету;
этиологиясы анықталмаған аменорея;
расталған немесе болжамды жүктілік;
бала емізу кезеңі;
менархеге дейінгі кезең;
постменопауза;
құрамында омбитасвир/паритапревир/ритонавир және дасабувир, глекапревир/пибрентасвир немесе софосбувир/велпатасвир/воксилапревир бар дәрілік препараттармен бір мезгілде қолдану.

Қауіпсіздік шаралары

Препаратты қабылдауды бастар алдында әйел адам жалпы медициналық және гинекологиялық мұқият тексеруден өтуі, жүктілікті және қан ұю жүйесінің бұзылыстарын жоққа шығаруы қажет.
Веналық және/немесе артериялық тромбоздың, тромбоэмболиялық немесе цереброваскулярлық бұзылыстардың даму қаупі мынадай қауіп факторлары болған кезде жоғарылайды:
жас;
тромбоздық және тромбоэмболиялық асқынулар бойынша ауырлаған отбасылық анамнез;
семіздік;
дислипопротеинемия;
артериялық гипертензия;
мигрень;
жүрек клапандарының аурулары;
жүрекшелер фибрилляциясы;
ұзақ иммобилизация;
хирургиялық араласу немесе ауыр жарақат;
босанғаннан кейінгі кезең;
жүктіліктің II триместріндегі түсік;
темекі шегу.
Көрсетілген қауіп факторлары болған кезде препаратты қолдануды бастар алдында күтілетін пайда мен ықтимал қауіптің арақатынасын жеке бағалау қажет. Тромбоз, тромбоэмболиялық немесе цереброваскулярлық бұзылыстардың қауіп факторлары пайда болған немесе күшейген жағдайда препаратты әрі қарай қолдану мәселесін шешу үшін дәрігерге қаралу қажет. Препаратты ұзақ уақыт қолданған кезде әрбір 6 ай сайын бақылау медициналық тексеру жүргізу ұсынылады.
Маңызды! Толық ақпарат алу үшін дәрілік затты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа жүгіну қажет.

Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі

Фенитоин, барбитураттар, примидон, карбамазепин, рифампицин, окскарбазепин, топирамат, фелбамат, гризеофульвин және құрамында шайқурай (Hypericum perforatum) бар дәрілік препараттар жыныс гормондарының клиренсін арттырады және бауыр ферменттерінің индукциялануына байланысты біріктірілген гормондық контрацептивтердің тиімділігін төмендетуі мүмкін. АИТВ/С гепатиті вирусы (ВГС) протеаза тежегіштері және нуклеозидтік емес кері транскриптаза тежегіштері қан плазмасындағы эстрогендер және/немесе прогестиндер концентрациясын жоғарылатуы немесе төмендетуі мүмкін. Зеңге қарсы дәрілік препараттар (итраконазол, вориконазол, флуконазол), верапамил, макролидтер (кларитромицин, эритромицин), дилтиазем және грейпфрут шырыны қан плазмасындағы эстрогендердің және/немесе прогестиндердің концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Эторикоксибті 60–120 мг/тәулік дозада қолдану қан плазмасындағы этинилэстрадиол концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Циклоспорин — қан плазмасындағы және тіндердегі циклоспорин концентрациясының жоғарылауы. Ламотриджин — қан плазмасындағы және тіндердегі ламотриджин концентрациясының төмендеуі. Бауыр ферменттерін индукциялайтын дәрілік препараттармен бір мезгілде қолданған кезде оларды бірге қолданудың бүкіл кезеңінде және емдеу аяқталғаннан кейін 28 күн бойы контрацепцияның қосымша бөгеттік әдісін қолдану ұсынылады.
Маңызды! Мұнда дәрілік заттармен өзара әрекеттесулерге қысқаша шолу берілген. Толық ақпарат алу үшін тиісті дәрілік препараттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарға жүгіну қажет.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолдануға шектеу қойылмаған

Бауыр жеткіліксіздігі

Препаратты бауырдың ауыр аурулары кезінде бауыр функциясының көрсеткіштері қалыпқа келгенге дейін қолдануға болмайды, сондай-ақ қазіргі кезде немесе анамнезінде бауыр ісіктері болған кезде, олардың сипатына (қатерсіз немесе қатерлі) қарамастан, қолдануға болмайды.

Жүктілік

Препаратты жүктілік кезінде қолдануға болмайды. Жоспарланбаған жүктілік басталған жағдайда препаратты қабылдауды дереу тоқтату қажет.

Емізу

Препаратты бала емізу тоқтатылғанға дейін қолдану ұсынылмайды.

Жағымсыз әсерлері

Жиі: жүрек айнуы, іштің ауыруы, дене салмағының жоғарылауы, бас ауыруы, көңіл-күйдің төмендеуі, көңіл-күйдің өзгеруі, сүт бездерінің ауыруы және кернеуі.
Жиі емес: құсу, диарея, сұйықтықтың іркілуі, мигрень, либидоның төмендеуі, сүт бездерінің ұлғаюы, бөртпе, есекжем.
Сирек: аса жоғары сезімталдық реакциялары, жанаспалы линзаларды нашар көтере алмау, дене салмағының төмендеуі, либидоның жоғарылауы, қынаптан бөлінділер, сүт бездерінен бөлінділер, түйінді эритема, көпформалы эритема, артериялық және веналық тромбоэмболиялық бұзылыстар.
Маңызды! Мұнда жағымсыз реакцияларға қысқаша шолу берілген. Толық ақпарат алу үшін дәрілік затты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа жүгіну қажет

Көрсеткіштері, қолдану тәсілі мен дозалары

Препаратты ішке тәулігіне бір таблеткадан, қаптамада көрсетілген тәртіппен, күн сайын шамамен бір уақытта, қажет болған жағдайда аз мөлшердегі сумен ішіп қабылдайды. Препаратты дәрілік затты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес қабылдау қажет.

Балаларда қолданылуы

Препаратты тек менархе басталғаннан кейін қолдануға болады.