C01EB18 Ранолазин (Ranolazine)

Қарсы көрсеткіштері

Әсер ететін затқа немесе қосымша заттардың кез-келгеніне жоғары сезімталдық; лактаза тапшылығы, тұқым қуалайтын лактозаны көтере алмаушылық, глюкоза-галактозалық мальабсорбция синдромы (тек 1000 мг дозаға арналған).

Қауіпсіздік шаралары

Жағымсыз реакциялардың дамуы кезінде дозаны тәулігіне 500 мг дейін төмендету керек. Егер симптомдары жойылмаса - емдеуді тоқтату. Келесі пациенттерге доза жекелей таңдалуы керек: егде жастағылар; дене салмағы төмен (60 кг төмен); іркілісті жүрек жеткіліксіздігі (ІЖЖ), орта немесе ауыр дәрежедегі СЖЖ (NYHA III-IV класы) бар. Анамнезінде туа біткен QT аралығының ұзаруы синдромы бар пациенттерге; отбасылық анамнезінде QT аралығының ұзаруына тұқым қуалайтын бейімділігі бар; белгілі жүре пайда болған QT аралығының ұзаруы; сондай-ақ QT аралығының ұзақтығына әсер ететін дәрілік препараттарды қабылдап жүрген пациенттерге ерекше сақтықпен қолдану. Жағымсыз әсерлердің дамуы мүмкіндігіне байланысты көлік құралдарын немесе басқа да қауіптілігі жоғары механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі мүмкін.

Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі

Қарсы көрсетілген: CYP3A4 күшті тежегіштері (итраконазол, кетоконазол, позаконазол, АИТВ-протеаза тежегіштері, кларитромицин, телитромицин, нефазодон, грейпфрут шырыны); Ia класы (хинидин) немесе III класы (дофетилид, соталол) аритмияға қарсы дәрілері, амиодароннан басқа.Ранолазинмен үйлесімділігі олардың концентрациясына байланысты препараттар: дилтиазем, верапамил, дигоксин, симвастатин, аторвастатин, такролимус, циклоспорин, сиролимус, эверолимус.Ранолазин концентрациясын төмендетеді: CYP3A4 индукторлары.Ранолазин концентрациясын жоғарылатады: CYP2D6 тежегіштері.Қарыншалық аритмия дамуының теориялық қаупі: гистаминге қарсы препараттар (терфенадин, астемизол, мизоластин), кейбір аритмияға қарсы дәрілер (хинидин, дизопирамид, прокаинамид), эритромицин және трициклді антидепрессанттар (имипрамин, доксепин, амитриптилин).Маңызды! Мұнда дәрілік өзара әрекеттесулердің қысқаша сипаттамасы берілген. Толық ақпарат алу үшін дәрілік препараттың қолданылуы жөніндегі нұсқаулығына жүгініңіз.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Ауырлық дәрежесі жеңіл немесе орташа бүйрек жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі 30-80 мл/мин) дозасын таңдау ұсынылады. Ауыр бүйрек жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі < 30 мл/мин) қарсы көрсетілген.

Бауыр жеткіліксіздігі

Жеңіл дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігінде дозасын таңдау ұсынылады. Орташа немесе ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігінде қарсы көрсетілген.

Жүктілік

Қарсы көрсетілген.

Емізу

Қарсы көрсетілген.

Жағымсыз әсерлері

Жиі: бас айналуы, бас ауыруы; іштің қатуы, жүрек айнуы, құсу; астения.Жиі емес: анорексия, тәбеттің төмендеуі, дегидратация; үрей, ұйқысыздық, сананың шатасуы, елестеулер; тежелу, естен тану, гипестезия, ұйқышылдық, тремор, постуральді бас айналуы, парестезия; көрудің бұлыңғырлануы, көру бұзылыстары, диплопия: бас айналуы, құлақтағы шуыл, құйылулар, артериялық гипотензия; ентігу, жөтел, мұрыннан қан кету; іштің ауыруы, ауыздың құрғауы, диспепсия, метеоризм, асқазан аймағындағы жайсыздық; қышыну, гипергидроз; аяқ-қолдардың ауыруы, бұлшықет түйілуі, буындардың ісінуі; дизурия, гематурия, хроматурия; шаршау; шеткергі ісінулер, қандағы креатининнің жоғары деңгейі, қандағы мочевина деңгейінің жоғарылауы, түзетілген QT аралығының ұзаруы, ақ қан жасушаларының немесе тромбоциттер санының жоғарылауы, салмақтың төмендеуі.Сирек: бағдардан адасу; амнезия, сананың бұзылуы, сананың жоғалуы, координация бұзылуы, жүрістің бұзылуы, паросмия; естудің төмендеуі; аяқ-қолдардың салқындауы, ортостатикалық гипотензия; тамақта қысуды сезіну; панкреатит, эрозивті дуоденит, оральді гипестезия; ангионевротикалық ісіну, аллергиялық дерматит, есекжем, суық тер, бөртпе; бұлшықет әлсіздігі; жедел бүйрек жеткіліксіздігі, несептің іркілуі, эректильді дисфункция; бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы.Маңызды! Мұнда жанама әсерлердің қысқаша сипаттамасы берілген. Толық ақпарат алу үшін дәрілік препараттың қолданылуы жөніндегі нұсқаулығына жүгініңіз.

Балаларда қолданылуы

18 жасқа дейінгі балаларда тиімділігі мен қауіпсіздігі бойынша деректер жеткіліксіздігіне байланысты қарсы көрсетілген.