B05CX01 Глюкоза¹ (Glucose)

Қолдану көрсеткіштері

Гипогликемия, көмірсулар тапшылығы. Парентеральді енгізілетін дәрілік препараттарды сұйылту және еріту.

Қарсы көрсеткіштері

Гипергликемия, қант диабеті, гипергидратация, глюкоза утилизациясының операциядан кейінгі бұзылыстары, гиперосмолярлы кома, гиперлактацидемия, декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігі.

Қауіпсіздік шаралары

Қандағы қант деңгейін және электролиттік балансты бақылау қажет! Басқа дәрілік заттармен араластырғанда үйлесімділікті визуалды бақылау қажет.Басқа дәрілік заттарды сұйылту немесе еріту үшін препаратты осы дәрілік препаратқа қолдану жөніндегі нұсқаулықта тиісті концентрацияның декстроза ерітіндісімен сұйылту туралы нұсқау бар болса ғана қолдану керек.

Дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі

Қанмен, консервацияланған АСD - ҮЙЛЕСІМСІЗ! Катехоламиндер, стероидтар - глюкоза сіңірілуінің төмендеуі. Анальгетиктер, адреномиметиктер - олардың әсерлерінің төмендеуі. Стрептомицин -стрептомицин белсенділігінің жойылуы. Нистатин - тиімділігінің төмендеуі.Маңызды! Мұнда дәрілік өзара әрекеттесулердің қысқаша сипаттамасы берілген. Толық ақпарат алу үшін дәрілік препараттың қолданылуы жөніндегі нұсқаулығына жүгініңіз.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Олигурия немесе ануриямен ауыр бүйрек жеткіліксіздігі кезінде қарсы көрсетілген.

Бауыр жеткіліксіздігі

Асцитпен цирроздар кезінде қарсы көрсетілген.

Жүктілік

Ана үшін күтілетін пайда ұрық үшін ықтимал қауіптен жоғары болған жағдайда қолданылуы мүмкін.

Емізу

Ана үшін күтілетін пайда сәби үшін ықтимал қауіптен жоғары болған жағдайда қолданылуы мүмкін.

Жағымсыз әсерлері

Анафилактикалық реакциялар, жоғары сезімталдық, гипокалиемия, гипомагниемия, гипофосфатемия, гипергликемия, гемодилюция, дегидратация, гиперволемия, көктамырлық тромбоз, тромбофлебит, жоғары тершеңдік, полиурия, қалтырау, қызба, сол жақ қарыншаның жедел жеткіліксіздігі, бауыр функциясының бұзылуы, ұйқы безінің инсулярлық аппаратының тозуы (көп рет енгізгенде), жергілікті реакциялар (инфекция, тітіркену, экстравазация, ауырсыну).

Балаларда қолданылуы

Көктамырішіне. Балаларға: бірінші күні тәулігіне 6 г глюкоза/кг енгізеді, ары қарай- тәулігіне 15 г/ кг дейін. 5 % және 10 % глюкоза ерітінділерін енгізгенде енгізілетін сұйықтықтың шекті көлеміне назар аудару керек: дене салмағы 2-10 кг балаларға - тәулігіне 100-165 мл/кг, дене салмағы 10-40 кг балаларға - тәулігіне 45-100 мл/кг. Электролиттік теңгерімді бақылау керек! 40% глюкоза ерітіндісін жаңадан туылған және шала туылған балаларда дене салмағына 1 мл артық қолдану ұсынылмайды, себебі гипертониялық ерітіндіні енгізумен туындаған энцефалопатияның даму қаупі жоғары.